Жаңа Регламент депутаттық сауалдың салмағын арттырады — Үнзила Шапақ

АСТАНА. KAZINFORM — Құрылтай Регламентінде депутаттық сауалдардың нәтижелілігін арттыруға бағытталған бірқатар тетік қарастырылған. Бұл туралы Құрылтай депутаты, Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің төрағасы Үнзила Шапақ айтты.

Фото: Солтан Жексенбеков/Kazinform

Үнзила Шапақтың айтуынша, жаңа Регламентте депутаттық сауалды формалды құрал ретінде қалдырмай, оның нәтижесін бақылауға мүмкіндік беретін бірнеше тетік бар. Сауал жолданған лауазымды тұлға бір ай ішінде жауап беруге міндетті. Егер депутат жауапты толық емес немесе жеткіліксіз деп санаса, лауазымды тұлғаны Құрылтайға шақырып, мәселені жария түрде талқылай алады. Мұндай талқылау кезінде өзге депутаттар да қосымша сұрақтар қоюға құқылы.

Сонымен қатар ол сауал жолданбас бұрын мәселе жан-жақты зерделенетінін де атап өтті. Фракциялар көтерілетін тақырыптарды алдын ала талқылап, оның негізділігі мен дәйектерін қарайды.

Фото: Солтан Жексенбеков/Kazinform

— Депутаттық сауалды мәселені аяғына дейін жеткізіп, мемлекеттік органдармен ықпалдасып жұмыс істеудің тетігі ретінде қарастырамыз. Бұл — Құрылтай бақылауын күшейтетін механизм, — деді Құрылтай депутаты.

Айта кетейік, жоғары заң шығарушы органның бүгінгі отырысында Құрылтай Регламенті бекітілді. Құжатта депутаттардың Премьер-министрге, Үкімет мүшелеріне, бірқатар басқа мемлекеттік органдардың басшыларына және өңір әкімдеріне сауал жолдауы құқығы көзделген. 

Сондай-ақ, үш жылдық бюджет жобасы Құрылтай қарауына енгізілгенін жазғанбыз.