Бүгінгі таңда пакетке барлығы 45 өзгеріс енгізілді. Олардың негізгі ережелері 2 шілдеде Ұлттық экономика министрлігінің сайтында және «Ашық НҚА» порталында жарияланған реттеуші саясаттың консультативтік құжатына енгізілді.
Премьер- министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткізілген Жобалық кеңсенің 21-ші отырысында қатысушылар кезекті түзетулер тобын қарады. Атап айтқанда, цифрлық активтердің заңды айналымын ынталандыру үшін жеңілдетілген салықтық жағдай жасау ұсынылады. Ол үшін жеке тұлғаларды 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап, 2028 жылғы 31 желтоқсанға дейінгі кезеңдегі цифрлық активтер қызметі қазақстандық провайдерлері арқылы жасалған цифрлық актив операцияларынан түскен кіріс бойынша жеке табыс салығынан босату көзделген.
Түзетулердің жекелеген блогі инвестициялық жобаларды мемлекеттік қолдау тетіктерін жетілдіруге және шетелдік инвесторлар үшін неғұрлым тартымды жағдай жасауға арналған. Атап айтқанда, инвестициялық басым келісімшарттар, сондай-ақ фискалдық преференциялар пакетінде көзделген барлық инвестиция туралы келісімдер жасау тетігін қалпына келтіру ұсынылады. Сонымен қатар инвесторларға қажетті инфрақұрылымды дербес жүргізуге мүмкіндік беру, кейіннен КТС бойынша шегерім тетігі арқылы келтірілген шығынды өтеу ұсынылады.
Жаңа пакетке бұрын Жобалық кеңсе отырыстарында әзірленген шешімдер де енгізілген. Олардың қатарында тауарды таңбалау шығысына үстеме шегерім енгізу, мүгедектігі бар адамдар үшін ЖТС бойынша шегерімді кеңейту, әлеуметтік салықтан жекелеген кірістерді босатуды қалпына келтіру, ҚҚС-дан факторинг пен форфейтингіні босату, есепке жатқызылатын ауыл шаруашылығы өнімі бойынша ҚҚС-ны түзету, жеміс шарабына акциз және басқа да бастамалар бар. Пакетке Жобалық кеңсе жұмысы барысында қабылданған 20 шешім кірді.
Сондай-ақ пакет салықтық әкімшілендіруді одан әрі цифрландыруға, салық рәсімдерін жетілдіруге және Салық кодексін қолдану барысында анықталған мәселелерді шешуге арналған түзетулермен толықтырылды. Олар салық төлеушілердің өтініштерін, мемлекеттік органдардың, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының және Жоғары аудиторлық палатаның ұсыныстарын ескере отырып дайындалды.
Бұл ретте бірқатар бастама заң жобасы Құрылтайдың қарауына енгізілгенге дейін бизнес-қоғамдастықпен пысықтауды да талап етеді. Оларды талқылау Жобалық кеңсе алаңында жалғасады.
Айта кетейік, базалық салық шегерімі енді келесі айға ауыстырылмайды.