Жаңа сайлау жүйесі партияларды жауапкершілігін арттыруға ынталандырады — сарапшы

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанның жаңа Конституциясы қабылданғаннан кейінгі алғашқы Құрылтай сайлауы мемлекеттік басқарудың тиімді әрі жауапты форматына көшу үдерісін аяқтайды. Мұндай пікірді Сиань Цзяотун университеті Орталық Азия, Қазақстан және Ресей құқықтарын зерттеу орталығының директоры София Ушурова білдірді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Пекиндегі меншікті тілші.

Фото: Софии Ушурованың жеке архивінен

Сарапшының айтуынша, заң шығарушы органның жаңартылған құрылымында жекелеген кандидаттың жеке амбициясы емес, саяси партиялар ұсынатын идеялар, кешенді бағдарламалар мен даму стратегияларының әділ бәсекесі алдыңғы орынға шығады.

— Жаңа сайлау жүйесі партияларды жауапкершілігін арттыруға және экономика, бизнесті қолдау, білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік саясат салаларында жүйелі шешімдер ұсынуға ынталандырады. Бұл — әр азаматқа барынша жақын әрі түсінікті бағдарламасы бар тарап жеңіске жететін тұжырымдамалар бәсекесі, — деп есептейді ол.

Оның сөзінше, Қазақстанда ресми тіркелген барлық жеті саяси партияның сайлау науқанына қатысуы шынайы саяси плюрализмді қамтамасыз етіп, демократиялық институттардың іс жүзінде тиімді жұмыс істеп жатқанын көрсетеді.

— Мемлекет ұсынған цифрлық сервистер әр азамат үшін дауыс берудің қолжетімділігін қамтамасыз етеді. Сайлау үдерісі заманауи цифрлық стандарттарға бейімделген. Сайлаушылар тізімінен өзіңізді онлайн тексеруге, ал болатын жеріңіз өзгерген жағдайда дауыс беруге ыңғайлы учаскеде уақытылы дауыс беру үшін есептен шығару куәлігін рәсімдеуге болады. Бұл ұйымдастыру жұмыстарының жоғары деңгейде жүргізілгенін және жүйенің сайлаушыларды барынша кең қамтуға бағытталғанын көрсетеді, — деді ол.

София Ушурова сайлауалды үгіт-насихаттың жай ғана рәсімдік кезең болудан қалып, қоғаммен тікелей әрі сындарлы диалог жүргізетін алаңға айналып келе жатқанын атап өтті.

Оның пікірінше, ашық кездесулер, бұқаралық ақпарат құралдарындағы пікірталастар және цифрлық платформалар арқылы партиялар өз бағдарламаларының іс жүзіндегі маңызын дәлелдеуі тиіс.

— Қазіргі сайлау үдерісі жай ғана формалды жаңарту немесе реформа үшін жасалған реформа емес. Бұл — Қазақстанның саяси жүйесін терең жаңғырту. Бүгінде ел мемлекеттік басқарудың бүкіл моделін түбегейлі өзгерту кезеңінен өтіп жатыр. Осындай жағдайда парламент сайлауы қатардағы электоралдық оқиға болудан қалып, билік институттарын қайта жаңғыртудың негізгі кезеңіне айналып, мемлекеттің ұзақ мерзімді тұрақтылығының негізін қалыптастырады, — деп қорытындылады сарапшы.

Бұған дейін Қазақстанның жаңа Конституциясы экономиканың тұрақтылығын арттыруға, инвестиция тартуға және адами капиталды дамытуға мүмкіндік беретін ашық жағдай қалыптастыратыны хабарланған.