Жаңа шектеу: қазақ футболы легионерсіз қалай дамиды

Коллаж: Kazinform/ Freepik

АСТАНА. KAZINFORM – Елімізде спорт саласын реформалауға арналған жаңа заң қолданысқа енді. Құқықтық құжатта дене шынықтыру бағытын дамытуды көздейтін өзгеріс жетерлік, алайда соның ішінде елең еткізгені – легионерлер қауымына қатысты тұсы, яғни бұдан былай мемлекет шетелдік спортшыларға бюджеттен 1 тиын да бермейді. Спорттық клубтар керек қаржыны қайдан тапса да өз еркі, тек қазынадан дәмете алмайды. Осы орайда Kazinform тілшісі аталған қадамның болжамды әсерін шамалап, сарапшылар пікірін білді.

200-ден астам легионер бары рас па?

Туризм және спорт министрлігі әзірлеген заң жобасы ұзақ уақыт депутаттар мен сала мамандарының талқысында болды. Толық атауы – «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне дене шынықтыру және спорт, сондай-ақ артық заңнамалық регламенттеуді болғызбау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы. Бастысы, жаңа құжат бюджет тапшылығы кезеңінде қаражатты тиімді пайдалануға мүмкіндік беріп, шетелдік спортшыларға қатысты сынға нүкте қойған сыңайлы.

Алдымен аталған өзгеріс қанша адамға қатысты екенін анықтайық. Көбіне шетелдік спортшылар Қазақстанға келерде «натурализация» немесе легионер болу жолының біреуін таңдап келеді. Натурализация жолын таңдаса, Қазақстан төлқұжатын алып, ресми ел азаматы атанады. Ал легионер болса, өз елінің азаматтығын сақтап, уақытша келісімшартпен жұмыс істейді. Жаңа заңдағы шетелдік спортшыларды бюджет есебінен қаржыландырмау пәрмені осы кейінгі санаттағыларға қатысты, яғни отаны да, ошағы да бөлектерге арналған шектеу.

Коллаж: Kazinform/ Freepik/ Pexels

Жалпы Қазақстандағы легионерлердің саны қанша? Сауалға жауап алу мақсатында Туризм және спорт министрлігіне жүгінген болатынбыз. Салаға жауапты ведомствоның дерегіне сенсек, командалық ойын клубтарында 200-ден астам шетелдік спортшы бар.

Ұмытпасақ, көктемде Туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев осы мәндес статистиканы қайталаған болатын:

– Мысалы, футболды айтсақ, былтыр премьер-лиганың ішінде 14 клуб ойнаса, 325 футболшының ішінде 149 легионер болған екен, яғни елу пайызға жуығы. Хоккейде қазір 109 легионер бар, қалған спорт түрлерінде көп емес. Сондықтан осы заң қабылданғаннан кейін легионерлерді бюджеттен және квазимемлекеттік сектор қаражаты есебінен қаржыландыру тоқтатылады. Біз мұны федерациялармен алдын ала талқыладық, олар бәрінен хабардар, – деген еді ол.

Шетелдік спортшылардың жалақысы – құпия

Кейінгі жылдары футбол клубтары арасында шет елден спортшы әкелу әдетке айналды. Әдепкіде бірді-екілі шетелдікті көргенге көз үйренген, соңында бүтін футбол командасының барлығы дерлік өзге елдің ойыншысына айналғанын көрдік. Бұл үрдіс, әрине, әлемдік практикада жиі қолданылатыны түсінікті, дегенмен біздегі моделі еш нәтиже берген жоқ. Бізде көп шетелдік футболшы ойнады, бірақ ешбірі елді әлемдік аренаға шығаруға қауқары жетпеді. Керісінше, әрбір ойыншы айына миллион теңгелеп жалақы алып, тамағы мен тасымалы, жатын орнының шығынына дейін мемлекеттің мойнына ілді.

Министрлік мәліметінде өткен жылы елдегі 13 футбол клубы бюджеттен 27 млрд теңге алғаны айтылған. Мысалы, «Астана» футбол клубы легионерлерге 2020 жылы – 3 574 626 888 теңге, 2021 жылы – 3 766 460 266 теңге, 2022 жылы – 1 824 428 244 теңге, 2023 жылы – 2 168 352 776 теңге төлеген. Қаржыны «Самұрық-Қазына» АҚ-дан алыпты. Бұл – бір клубтың дерегі ғана.

Фото: «Астана» футбол клубы

Қызығы, клубтарға бөлінген мемлекеттік бюджет көлемі ашық дереккөздерде жарияланғанымен, шетелдік спортшылардың нақты қанша жалақы алатыны көбіне айтыла бермейді. Министрлікке тақырыпқа қатысты сауал жолдау барысында легионерлердің жалақысы тараптардың келісімінсіз жарияланбайтынын айтқан болатын. Тіпті шетелдік спортшыларға берілетін жалақы мөлшеріне қатысты белгілі бір шектеу қоюға құзырет жоғын жеткізген.

Белгілі спорт журналисі Есей Жеңісұлы 5-10 жылдықта ғана шетелдік спортшылар мен қазақстандық футболшылардың жалақысы теңесе бастады деген ой айтты. Оған дейін жалақы алшақтығы басты мәселенің біріне айналған.

Фото: zhasalash.kz

– Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында еңбек нарығында шетелдік футболшылардың жалақысы жоғары болды. 2014-2015 жылға дейін оларға өте жоғары жалақы тағайындалды. Бірте-бірте өзіміздің Бауыржан Исламхан, Асхат Тағыберген, Бахтиёр Зайнутдинов секілді оғландар бой көрсетіп, өздерін әлемдік деңгейге сай екенін дәлелдей алды. 

Өкініштісі, кейінгі жылдары ТМД елдерінде ойнап қатырмаған шетелдік спортшылар қазақстандық клубтарда жоғары айлық алуы байқалады. Бұл менеджменттің қателігі әрі жеке тұлғалардың қалтасына кеткен қаржы секілді көрінеді, – деді спикер.

Осы күнге дейін шетелдік спортшыларға біршама қаржы төленді. Оның ішінде жалақы, бонус, керек-жарағы қамтылды. Арысын айтсақ, шығын ақталған жоқ. Тек футбол емес, тіпті олимпиадалық бағытты қарастырсақ, көк паспортымызды алып ел атынан өнер көрсеткен спортшылардың көбі кейін тарихи отанына оралды. Оған қоса, допинг дауына іліккен спортшылар мемлекетке сыйақы мен материалдық сыйлық, атақты қайтарған жоқ. Демек, заң қабылданғанша мемлекет ұтылып келді.

Қос нұсқа немесе қаржыны қалай қадағалайды?

Бақылау легионерлерден бөлек, футбол клубтарын қаржыландыруға ойысатын болады. Бұған дейін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі бюджетті «сауын сиыр» қылған клубтарды әшкерелегенін білеміз. Депутаттар да қараусыз кеткен қаржының есебін сұрап сан мәрте сөйледі. Мысалы, кейінгі 6 жылда 18 футбол клубына 200 миллиард теңге бөлінген, соның көбі шетелдік спортшылардың жалақысына жұмсалыпты. Талап өзгерген шақта мемлекеттің есебі түгелденбек. Енді Мемлекет басшысы қол қойған заң аясында облыс әкімдіктері футбол клубтарына жылына 1,2 млрд теңгеден артық қаржы бере алмайды.

Демек, қымбат легионерлердің дәурені өтті. Клубтар көрпеге қарай көсіліп, басымдықты отандық футболшыларға беретін болады. Олай болмай қайтсін, бұрынғыдай батпан құйрық жоқ, бюджеттен үміт аз. Легионерлерге қаржы табу тұрмақ, команданың шығынын жабудың өзі аз жұмыс болмайтын түрі бар.

Есей Жеңісұлының болжамына басымдық берсек, қазір футбол клубтарының алдында екі таңдау бар: Негізгісі әрі ықтимал нұсқа – құрамды отандық спортшылардан қайта жасақтау; балама әдіс – қаржылық ұйымдарды демеушілікке тарту. Футбол шолушысы алғашқы долбардың кең таралатынына сенімді.

– Осы маусымның басында «Қайсар» командасы етек-жеңін жинап, қазақстандық ойыншыларға көшкен болатын. Басқа мысалды «Оқжетпес», «Елімай» клубынан да көріп отырмыз. Мұндай өзгеріс алғашқы уақытта қиынға соғуы мүмкін, нәтиже де төмен болатыны сөзсіз. Бірақ бірте-бірте көрсеткіш көтерілетіні анық. Тек аталған үрдіс қазақстандық ойыншылардың шетелге шығуын кешеуілдете ме деп алаңдаймын, – деді ол.

Ал спорт сарапшысы Аслан Қаженовтің айтуынша, алдағы уақытта футбол клубтары коммерциялық жобаларға иек артатын болады. Әсіресе, букмекерлік кеңселер мен кәсіпттердің жарнамасы ұлғаюы мүмкін. Заң аясында қадағалау күшейтетін тұс енді келгенге ұқсайды.

Фото: Aikyn.kz

– Үкімет ешбір клубқа шетелдік спортшыны қатарға алуға шектеу қоймайды, осыны түсінуіміз керек. Тек оларға қаржы бермейді. Клубтар өз қаражатына немесе демеуші мен инвестор көмегімен шетелдік спортышының шығынын жабуы шарт. Қазір ірі компаниялар тарапынан легионерлерге қызығушылық төмен, сол себепті клубтар шетелдік ойыншыларының қатарын азайтады деп ойлаймын.

Қаржы көзіне келсек, демеуші компаниялар арқылы спорттық қаржыландыру Еуропада бұрыннан бар үрдіс. Осы жүйені кеңінен қолдана алсақ, мемлекеттік бюджетке күш түсірмей, спортшыларды ынталандыруға болар еді. Жаңа заң аясында букмекерлік кеңселерді жарнамалаудың тәртіп-талабы бар, лудоманияға қарсы заңда шектеулер нақтыланған. Клубтар ережені сақтаса, жарнаманы басты табыс көзіне айналдыруға негіз көп, – деді сарапшы.

Бұл орайда Есей Жеңісұлының өз болжамы бар. Өзге қаржыландыру көзін тапқан клубтар легионерлерді сақтап қалудың түрлі жолын іздеуі ғажап емес. Соның ішінде қазақстандық спортшылардың жалақысын бірнеше есе көбейтіп көрсетіп, сол қаржының жарымынан көбін шетелдік ойыншыларға беруі мүмкін. Осы есепті ескеріп, бармақ басты, көз қысты әрекетті заң аясында тексеруді үдету қажет деп санайды.

Сарапшы күдігін Туризм және спорт министрлігіне жеткізу барысында нақты жауап алудың сәті түсті. Министрлік мұндай тәуекелдердің алдын алу үшін арнайы тексерістер жүргізілетінін айтты:

«Жаңа заң шеңберінде елдегі спорттық ұйымдар мен клубтарды қаржыландыру кезінде бөлінген қаржыны шетелдік спортшылардың жалақысына пайдаланылмауын бақылау құзіретті органдардың қадағалауымен жүзеге асырылады», – делінген министрліктің жауап хатында.

«Мемлекет спортшыларды асырайтын уақыттан өттік»

Барлық сарапшының ортақ тұжырымы шетелдік спортшылардың қатары сирейді дегенге саяды. Олай болса, нарықта кәсіби маман тапшылығы туындамай ма? Легионерлерді алмастыра аларлық кадр жеткілікті ме? Осы сауал басы ашық күйінде қалып отыр. Әзірге бары – тағы да болжам.

Есей Жеңісұлының сөзінше, легионерлердің қатары кемігенімен, сапасы жоғарыламақ. Футбол клубтары «бұрынғы әніне басып», қаржыны игеру үшін шетелдік спортшыны оңды-солды таңдай алмайды. Инвестор мен демеушіге шалғайдан алдырған футболшыдан нәтиже шығуы маңызды, яғни сұрауы бар.

– 1992 жылы әрбір футбол клубының құрамында міндетті түрде екі қазақ спортшысы болуы керек деген талап қойылды. Сол кезде зауытта істеп жүрген, бұрын доп теуіп көрмеген жігіттер футбол ойнап кетті. Тәуір көрсеткішке жетті. Демек, уақыт өте бейімделеміз. Оған қоса, мықты бапкерлер шоғыры қалыптасты, олардың көмегі көп болары анық. Кез келген жаңашылдықты мәжбүрлі түрде енгізу дұрыс, мемлекетшілдіктің негізі осындай қадамнан басталады, – деді сарапшы.

Үкімет легионерлер мен тиімсіз бағыттан үнемдеген қаржыны қайда жіберетінін шешіп қойған сыңайлы. Жаңа заң бойынша енді қаржы Олимпиада, Паралимпиада, Азия ойындарында жеңіске жеткен жергілікті спортшыларды қолдауға жұмсалады. Спорт федерацияларының мәртебесін нақтылау, мүгедектігі бар спортшылардың сүйемелдеушілерінің қызметін заңмен қорғау, спорт ұйымдары басшыларын бес жылдық мерзіммен ротациялау, мемлекет тарапынан қаржыландырылатын спорт түрін 3 есе қысқарту жүйесі енгізілмек. Сонымен қатар балалар мен жасөспірімдерді спортқа баулу, ұлттық спортты дамыту, спорттық медицина мен ғылым әлеуетін арттыру сынды басымдықтар бар.