Жаңа сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасы 2027 жылы басталады

АСТАНА. KAZINFORM – Президент жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссияның отырысы өтті. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Фото: Kazinform/ЖИ

Қауіпсіздік Кеңесі төрағасының орынбасары Аида Балаева Президент жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссияның отырысын өткізді.

Отырыста 2022-2026 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасын іске асырудың алдын ала қорытындылары шығарылып, алдағы бес жылға арналған жаңа стратегиялық құжат жобасы қаралды.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің маңызды бағыттарының бірі екені атап өтілді. Осы орайда қабылданып жатқан шаралардың нәтижелілігіне баса мән беріліп, стратегиялық құжаттарды орындауда көзбояушылыққа жол бермеу қажет.

Қолданыстағы тұжырымдаманы талдау барысында анықталған түйткілдер мен кемшіліктер алдағы бес жылға арналған саясатты әзірлеу кезінде ескерілуге тиіс.

Жаңа құжат жобасында іс-шараларды есеп үшін орындаудан гөрі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жүйелі басқаруға ден қою ұсынылды. Ол үшін азаматтар өміріндегі нақты өзгерістерге бағытталған, нәтижесі өлшенетін мақсаттар белгілеу көзделген.

Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін талдау мен болжауда заманауи цифрлық шешімдер мен жасанды интеллектіні қолдануға ерекше назар аударылды.

Мемлекеттік қызмет істері агенттігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, тұжырымдама жобасы мен оны іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарын пысықтау тапсырылды. Құжат Мемлекет басшысының қарауына енгізілер алдында Комиссияда қайта қаралады.

Жаңа тұжырымдаманы іске асыру 2027 жылғы 1 қаңтардан басталады деп жоспарланып отыр.

Сондай-ақ отырыста Комиссияның жұмыс форматын жетілдіру және келесі жылға арналған басым мәселелерді айқындау жөніндегі ұсыныстар қаралды.

Айта кетелік Президент Қауіпсіздік кеңесі аппаратына жаңа міндеттер жүктеген еді.