Жаңа стандарттар Қазақстан халқының өмір сүру сапасын анықтайды - сенатор А. Бижанов

АСТАНА. 25 қазан. ҚазАқпарат - Қазақстан халқының өмір сүру сапасын анықтайтын жаңа стандарттар әзірленді. Бұл туралы бүгін Қазақстандағы үздік әлеуметтік жобаларға арналған республикалық конференцияда ҚР Парламент Сенаты мәдени-әлеуметтік даму комитетінің төрағасы, депутат Ақан Бижанов мәлім етті.

Оның хабарлауынша, өмір сүру сапасының жаңа стандарттары Қазақстандағы әлеуметтік жаңғыртудың негізгі көрсеткіштері болмақ. «Қазірдің өзінде аталған мәселе бойынша екі заң жобасы бар. Оның біреуі депутаттарға тиесілі болса, екіншісін Үкімет әзірлеп шықты. Алдағы уақытта аталған екі баламалы құжат Парламентте, оның ішінде тиісті комитеттерде қаралады деп сенеміз», - дейді А.Бижанов. Сенатор атап көрсеткендей, өмір сүру сапасының жаңа стандарттары жұмыс, таза ауыз су, баспана, денсаулық сақтау мен біліммен қамту сияқты негізгі көрсеткіштерді айқындайтын болады. Аталған стандарттар заң жүзінде бекітілгеннен кейін барлық мемлекеттік органдар сол бойынша жұмыс істеуге міндетті болмақ.