Жаңа Ташкент салу жұмыстары басталды

АСТАНА. UZA-ҚазАқпарат – Өзбекстан Республикасы Президентінің «Жаңа Ташкент қаласын құру шаралары туралы» жарлығына сәйкес, Ташкент облысы Юкори Чирчик және Урта Чирчик аудандарынан қашық 19 720,9 гектар жерде жаңа қала салынады, деп хабарлайды ҚазАқпарат UZA агенттігіне сілтеме жасап.

Фото: uza.uz

Жобаны жедел әрі сапалы дайындау үшін Сингапур, Ұлыбритания және Голландия компаниялары тартылып, жұмыс басталып кетті.

Жарлықта айтылғандай, 2023 жылдың 1 қыркүйегіне дейін «Жаңа Ташкент қаласын құру бойынша дирекция» жасақталады.

Дирекция алдыңғы қатарлы шетелдік және отандық жобалық ұйымдарды қатыстыра отырып, Жаңа Ташкент аумағын дамыту бойынша мастер-жоспар, салалық жоспарлар және мақсатты бағдарламаларды дайындайды.

Жаңа Ташкентті құру жобасын жүзеге асыру барысында 2027 жылдың 1 қаңтарына дейін дирекция, инвесторлар, бас жоба мен бас мердігер ұйымдар Өзбекстан Республикасында шығарылмайтын құрылыс техникасы, құралдар, жасақтаушы және қосымша бөліктерді шетелден әкелуде кеден салығын төлеуден босатылады.