Жаңа технология мен жасанды интеллект кітапханалардың жұмысын өзгертіп жатыр

Фото: pexels

АСТАНА. KAZINFORM – Астанада өткен 89-шы Дүниежүзілік кітапхана конгресінде кітапханалардың болашақтағы келбеті, цифрлық трансформациясы және жасанды интеллектіні енгізу мәселелері талқыланды, деп хабарлайды Jibek Joly.

Конгреске әлемнің 114 елінен 1700-ден астам делегат қатысты. Шара барысында оқырмандарға қызмет көрсетуді жеңілдету жолдары қаралды. Қазірдің өзінде кітаптарды онлайн тапсырыс беріп, кез келген уақытта автоматтандырылған жәшіктерден алуға мүмкіндік бар.

Сонымен қатар жасанды интеллект сұранысты талдап, оқырманға қызығушылығына сәйкес әдебиеттерді ұсынады. Мұндай жүйелер Қазақстандағы көптеген алдыңғы қатарлы университеттерде белсенді қолданылып келеді.

– «Шағын станса» дауыстық көмекшімен жабдықталған. Оған жақындап, қай кітап қай жерде тұрғанын сұрай аласыз. Экранда карта ашылады да, біз уақыт жоғалтпай бірден қажетті кітапқа барамыз. Уақыт үнемдеу үшін «ақпараттық арба» қолданылады. Арнайы құрылғыны кітаптардың қасына апарсақ, олардың барлық мәліметі экранда пайда болады. Біз енді кітапты ашып, беттерін ақтармаймыз, тек құрылғыны жақындатсақ жеткілікті, – дейді IDLOGIC компаниясы халықаралық сату бөлімінің жетекшісі София Чернышова.

Айта кетейік, Алматыда интерактивті аймақтары бар заманауи балалар кітапханасы ашылады.

Ұлттық электронды кітапхананы пайдаланушылар саны 44% артты.