Жаңа технологиялар арқылы еліміздегі мұнай алудың өнімділігін 15-20 пайызға арттыруға болады - В. Школьник

АСТАНА. ҚазАқпарат - Жаңа технологиялар арқылы еліміздегі мұнай алудың өнімділігін 15-20 пайызға арттыруға болады. Бүгін «Нұр Отан» партиясының Мәжілістегі фракциясы жанындағы Экономикалық саясат кеңесінің отырысында Энергетика министрі Владимир Школьник осылай мәлім етті. Еске салайық, кеңесте «Нұр Отан» партиясы Сайлауалды тұғырнамасының «Инновациялық экономика» бағыты бойынша мәселелер талқыланған еді.

«Қазақстанның игеріліп жатқан кен орындарының 70 пайыз мұнайы жер қойнауында қалып жатыр. Бұған қатысты объективті себептер баршылық: қазақстандық өнімдерді алу қиынырақ, күкірттілігі де басым. Сонымен қатар, дәл осындай Норвегия жағдайында көрсеткіш 50 пайыздан аспайды. Сарапшылардың есебінше, жаңа технологиялар енгізу Қазақстандағы мұнай алудың көлемін ең кемінде 15-20 пайызға арттыратын еді. Сосын бұл жерде аталмыш көрсеткішке «энергетикалық каннибализммен» ауырмай-ақ қол жеткізетін едік», - дейді В. Школьник.

Министрдің түсіндіруінше, «энергетикалық каннибализм» термині негізінен «энергия алу үшін энергияның өзін көбірек жұмсау» дегенді білдіреді. Сонымен қатар, Владимир Школьник қазақстандық жер қойнауын пайдаланушылар тарапынан тиімді технологиялар да пайдаланыла бастағанын, алайда бұндай технологиялар тізбесі кеңейтуді қажет ететінін атап өтті.