Жаңа технологияларды енгізу: «QAIST» ғылыми-білім беру жобасы әзірленіп жатыр
АСТАНА. KAZINFORM — Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек KAIST моделіндегі «QAIST» ғылыми-білім беру жобасын әзірлеуге қатысушы ғалым-сарапшыларды қабылдады.
Жүздесуде «QAIST» жобасын іске асырудың алдағы кезеңдері жан-жақты талқыланды.
«QAIST» жобасы — Азиядағы жетекші ғылыми-технологиялық жоғары оқу орындарының бірі саналатын Кореяның ғылым және технологиялар институтының үлгісі ретінде жасалмақ.
Кездесуде министрге жоба бойынша атқарылып жатқан жұмыс нәтижелері баяндалып, алдағы жұмыс жоспары таныстырылды.
Министр Саясат Нұрбек аталған бастаманы қазақстандық және кореялық ғалымдармен бірлесе отырып, сапалы және уақытылы аяқтауды тапсырды.
Айта кетейік, Ғұмарбек Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университетінде KAIST моделіндегі «QAIST» ғылыми-білім беру жобасын әзірлеу бойынша форсайт-сессия отырысы өткен болатын. Мұнда KAIST үлгісін Қазақстан жағдайына бейімдеу мүмкіндіктері талқыланып, ғалым-сарапшылардың ұсыныс-пікірі сараланды.
Халықаралық іс-шараға Корея Республикасының Алматыдағы Бас консулы Ха Тэ Ук, АЭжБУ ректоры Ғани Нығыметов, «QAIST» жобасының тең құрылтайшысы Дана Молдақұлова, KAIST профессорлары Джонг Ким, Сынг-Тэк Рю, Джонгумун Байк қатысты. Бұған қосымша талқылау жұмысына Nazarbayev University, AlmaU, SDU, ENERGO University, сондай-ақ халықаралық компаниялардың өкілдері жиналды.
Кездесуде KAIST профессорлары баяндама жасап, институттың жетістіктері мен соңғы жүргізіп жатқан жұмыстарына тоқталды.
Өз кезегінде Алматы энергетика және байланыс университетінің ректоры Ғани Нығыметов халықаралық ынтымақтастықтың маңыздылығын атап өтті.
Сессия барысында тараптар инженерия, цифрлық трансформация, тұрақты технология және жасанды интеллект білім беру бағдарламаларын бірлесіп әзірлеуді ұсынды.
Айта кетелік Тәжікстанның жоғары оқу орындары қазақстандықтар үшін 100 грант бөлген еді.