Жаңа Үкіметтің мүшелерін тағайындау туралы мәселе келесі аптаның ішінде шешілетін болады-Елбасы

АСТАНА. 8 сәуір. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Жаңа Үкіметтің мүшелерін тағайындау туралы мәселе келесі аптаның ішінде шешілетін болады. Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде палата депутаттары ҚР Премьер-Министрі лауазымына Кәрім Мәсімовты тағайындауға келісімін бергеннен кейін сөйлеген сөзінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осылай айтты.

«Әрине, қазіргі уақытта кімді және қайда тағайындайды екен деген әңгіме жүруде. Келесі аптаның ішінде біз бұл мәселелерді шешеміз деп ойлаймын», - деді Президент.

Мемлекет басшысы мемлекеттің алдында ауқымды міндеттер тұрғандығын, оны шешу үшін елдің ынтымағы мен бірлігі қажет екендігін қадап айтты. Президент елдің бірлігі мемлекеттік биліктің бірлігінен басталатындығын атап көрсетті. Сондықтан биліктің барлық тармағы өзара келісе отырып жұмыс істеулері тиіс.

Айта кетейік, бүгін Астанадағы Тәуелсіздік сарайында 2011 жылдың 3 сәуірінде өткен ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауында жаңа мерзімге қайта сайланған Президент Нұрсұлтан Назарбаевты ұлықтау рәсімі өтіп, Елбасы Қазақстан халқының алдында ант қабылдап, президенттік қызметіне ресми кірісті. Содан кейін Үкіметтің шұғыл отырысы өтіп, оның барында ҚР Конституциясының 70-бабының 1-тармағына сәйкес Кәрім Мәсімов басқарған Қазақстанның жетінші Үкіметі жаңадан сайланған Қазақстан Республикасы Президентінің алдында өз өкілеттігін доғарды.

Ал түстен кейін Астанада өткен ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі лауазымына тағы да Кәрім Мәсімовтың кандидатурасын ұсынды.

«Ойланып-толғанып, мен сіздерден Кәрім Мәсімовты Премьер-Министр етіп тағайындауға келісімдеріңізді беруді өтінемін», - деді Н. Назарбаев жалпы отырыста депутаттарға қаратып айтқан сөзінде.

Елбасы осы жылдар ішінде алдыңғы Үкіметтің құрамы мен Парламент қоян-қолтық жұмыс істегенін, сол кезеңде күрделі дағдарысты жағдайлар болғандығын, мемлекет ол қиындықтарды еңсергендігін атап көрсетті. "Екінші жағынан біз индустриялық бағдарламаны жүзеге асырудамыз. Әлемде ешкім де өткен дағдарысты қайтадан қайталанбайды деп есептей алмайды. Осыған байланысты және Премьер-Министрдің өзі Парламентпен тығыз жұмыс істегендіктен Кәрім Мәсімовтың кандидатурасын қолдауды сұраймын», деді Н. Назарбаев.

Елбасы алдыңғы Үкімет «бір жағадан, бір жеңнен қол» шығарып жұмыс істегендігін атап көрсетті. «Бүгінгі күн үшін және Үкіметтің тиімді жұмыс істеуі үшін осы кандидатураны барынша қолайлы деп білемін», - деді Н. Назарбаев.

Президенттің пікірінше, Кәрім Мәсімов Үкімет басшысы лауазымында өзін алдыға қойылған міндеттерді орындай алатын, әріптестерінің ынтымақты жұмысын ұйымдастыра білетін кәсіби адам ретінде көрсете алды. Президент Кәрім Мәсімовке Үкіметтің алдыңғы құрамы әзірлеген бағдарламаларды жүзеге асыруды жүктегенін атап көрсетті.

Содан кейін Мәжіліс депутаттары Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі лауазымына Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған Кәрім Мәсімовтың кандидатурасын бірауыздан қолдап, дауыс берді.

Сол жерде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Кәрім Мәсімовті ҚР Премьер-Министрі етіп тағайындау туралы Жарлыққа қол қойды.