Жаңа вакциналарды енгізу мәселесін халықпен талқылағымыз келеді - Біртанов

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Қазақстандағы онкологиялық жағдай жөнінде айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Министрдің сөзінше, онкологиялық аурулардың артуына байланысты өткен жылы енгізілген кешенді жоспар алғашқы нәтижелерін бере бастады.

«Нәтижесінде елімізде қатерлі ісік ауруы ерте анықталған науқастардың үлесі артты. Жалпы онкологиялық аурудың 50% алдын алуға болады.
Қазақстанда жиі кездесетін әйелдердің жатыр мойыны қатерлі ісігінің алдын алуға болады. Әлемнің көптеген елдерінде папилломадан балаларды вакциналау енгізілген. Біз де бұл вакциналауды енгізгіміз келді, бірақ біздің қоғам жаңа вакциналарды қабылдағысы келмей, өре түрегеледі. Сондықтан да бас тартуға тура келді. Соның салдарынан өзге елдерде түбегейлі шешілген қатерлі ісіктен елімізде әйелдер көз жұмады. Сондықтан, кешенді жоспар аясында осы мәселені халықпен кеңінен талқылағымыз келеді», - деді ол Астанада өткен «Дені сау адамдардың мықты ұлтын қалыптастыру» атты панельдік сессияда.

Е. Біртанов вакцина арқылы қатерлі ісік ауруларының алдын алуға болатынын жеткізді.

«Бауыр қатерлі ісігі де Б вирусты гепатитінің салдарынан пайда болады. Вакцинаның көмегімен оның да алдын алуға болады. Бізде вакциналауға қаражат та, мүмкіндік те бар. Тек вакцинаға қарсы лобби қоғамды адастырып отыр. Осылайша, аурудың алдын алмай, ем-домға өте көп қаржы жұмсап отырмыз», - деп өз сөзін түйіндеді Елжан Біртанов.