Жаңа заң үлескерлер қаржысын заңсыз тартуға тосқауыл болады - Бас прокуратура

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Жаңа заң үлескерлер қаржысын заңсыз тартуға тосқауыл болады. Бұл туралы бүгін Бас прокуратурада өткен алқа мәжілісте Құқықтық қорғау департаментінің басшысы Марат Сексембаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«10 қазаннан бастап «Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы» жаңа Заң қолданысқа егізілді. Жаңа Заң бойынша құрылыс салушылар үшін лицензия қажет емес. Енді компаниялар әкімдіктің рұқсаты немесе Тұрғын үй құрылысын кепілдендіру қорының кепілдік беру туралы шарты бар болса, үлескерлердің ақшасын тарта алады. Әкімдіктің рұқсаты жобаға екінші деңгейлі банк қатысқанда немесе үйдің қаңқасы бар болған жағдайда беріледі. Банктің жобаға қатысуы арқылы құрылысты аяқтау үшін оны жеткілікті сомаға қаржыландыру қамтамасыз етіледі. Банк немесе Кепілдендіру қоры банкроттыққа ұшырау мен басқа да жағдайларда үлескерлер үшін «қауіпсіздік жастығының» рөлін атқарады», - деді М. Сексембаев.

Оның сөзіне қарағанда, атауларға қатысты айла-амалдар жасалмауы үшін, заңда басқа шарттар түрімен үлескерлердің ақшасын тартуға тыйым салынған. Енді мұндай мәмілелер заңсыз деп танылатын болады.