Сондай-ақ, Қазақстан аумағы арқылы Еуропа-Қытай, Ресей-Орталық Азия бағыттарындағы тасымалдар да арта түсті, «Қорғас» халықаралық шекаралық ынтымақтастық орталығы жұмыс істей бастады. Осындай даму үдерістеріне байланысты 20 жыл бұрын қабылданған заң бүгінгі күннің талабына сай келмейтіні айқындалған еді. Сонымен қатар, ескі заңның кейбір ережелерінде нақты бағыттар қамтылмағаны да біліне бастаған. Шекара қызметіне қатысты заңның ескіргендігін, кешегі норманың бүгінгі күн талабына жауап бермейтінін сол шекараның түбінде орын алған оқыс оқиғалар да айғақтаған еді. Сөйтіп, ұдайы қырағылықты талап ететін шекара қатынастарында заман талабынан шығатын құқықтық қағидаттар қамтылмағандықтан, «Терісайрық» пен «Арқанкергендегі» оқиғалардың орын алғаны көп дүниенің нақты көрінісін аша түскен.
Осындай жағдайды ескере келе, Қазақстанның Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметінің құжатын Мәжілістің жалпы отырысында палата депутаттары екінші оқылымда мақұлдады. Енді осы құжаттың жаңалықтарына тоқталсақ. Заң жобасында Қазақстанның шекаралық кеңістігіндегі қолданылатын бірқатар режимдердің мағынасы мен мазмұны ашылады. Бұдан бөлек, құжатта Мемлекеттік шекараны санаттарға бөлу рәсімі енгізіледі. Мемлекеттік органдардың, оның ішінде жергілікті атқару органдарының құзіреті жан-жақты айқындалып, аражігі ажыратылады. Сонымен қатар, заң жобасында Қазақстан азаматтарының Мемлекеттік шекараны қорғауға қатысу тәртібі нақтыланып, олардың құқықтары мен міндеттері реттеледі. Мемлекеттік шекараны қорғау жөніндегі міндеттерді орындау кезінде қару-жарақты және әскери техниканы, арнаулы құралдарды, қызметтік жануарларды және дене күшін қолданудың шарттары мен шектері белгіленеді. Сондай-ақ, Мәжіліс мақұлдаған құжатта Мемлекеттік шекараны күзету кезіндегі қару-жарақты, әскери-техниканы, арнаулы құралдарды дене күшін қолдану шарттары мен шегі айқындалып отыр. Ал шекара саясатын мығымдай түсу үшін Үкімет жанынан арнайы Мемлекеттік шекара комиссиясы құрылып, шекаралар санаттарға бөлінеді. Яғни, ендігәрі еліміздің шекара саясатын аталған Мемлекеттік шекара комиссиясы қолға алатын болады. Комиссияның құрамы мен өкілеттігін Үкімет бекітеді.
«Біріншіден, заң жобасынан бұрынғы қолданыста жүрген мемлекеттік шекараны өзгерту мүмкіндігін көздейтін нормалар алынып тасталды. Бұл шешім ҚР Конституциясының 2-бабына негізделеді. Онда «мемлекет өз аумағының тұтастығын, қол сұғылмауын және бөлінбеуін қамтамасыз етеді» делінген. Сондықтан да, біз «елімізде мемлекеттік шекара өзгертілуі мүмкін» деген кез-келген ойдың өзін болғызбауға тиіспіз. Елбасы Н. Назарбаевтың басшылығымен шекараны межелеудің тарихи үдерістері аяқталды. Енді бұдан әрі ешкімнің де шекараны өзгерту мәселесін көтеруге негізі жоқ, сол үшін аталған норма заң жобасынан көрініс тауып отыр», - дейді құжат бойынша баяндаған Мәжіліс депутаты Мәулен Әшімбаев.
Оның айтуынша, жобадағы тағы бір тың нормалар - «Терісайрық» пен «Арқанкерген» шекара бекетінде орын алған келеңсіз, қайғылы оқиғалардың қайталануына жол бермеуге бағытталады. Ал оқыстан орын алған олқылықтарды болдырмау үшін не істеу керек? Бұл ретте ең адымен шекарада қызмет өткеру үшін шақырылатын контингенттің сапасын арттыруға бағытталған нормалар жаңа заң жобасында қамтылып отыр. Атап айтқанда, шекара қызметінде әскери қызметті өткеру мәселесі жеке бапта белгіленген. Оған сәйкес, азаматтарды әскер қатарына шақыру барысында Ұлттық қауіпсіздік комитеті шақыру комиссиясының құрамына өз өкілдерін жіберетін болады. Сонымен қатар әкімшіліктердің әскери басқармаларға берген жиынтық мәліметтері негізінде мониторинг жасалып, шекара қызметіне алынатын үміткерлер іріктеледі. Бір сөзбен айтқанда, Шекара әскері қызметіне лайықты жастар ерте бастан іріктеледі.
«Шекара әскерлеріне қатысты мерзімді әскери қызметке шақырылатын Қазақстан Республикасы азаматтарының дене бітіміне ғана емес, моральдық-психологиялық сапасына да баса көңіл бөлінеді», - дейді Мәулен Әшімбаев. Яғни, әскерге шақыру барысында шекара қызметіне іріктелетіндерге қатысты психофизиологиялық тексеруден, кейбір жағдайда полиграфиялық зерттеулерден өткізу нормалары қамтылған. Сол арқылы шекара қызметінің талаптарына сай келмейтін сарбаздардың осы қызметке өтіп кетуіне тосқауыл қойылмақ.
Дәл осы шекарашылар сапасы туралы мәселеге қатысты Парламент Мәжілісінің депутаты Бақытбек Смағұл өз пікірін былай білдірген болатын: «Бізге сын айтса, сынбайтын, шын айтса, тыңдайтын нағыз шарболаттай қайралған шекарашылар қажет. Мұны уақыттың өзі дәлелдеп отыр. Соңғы уақытта шекара бекеттерінде орын алған оқиғалар баршаға айқын. Демек, бүгінгі күні еліміздің шекарасын күзетуде сүйенетін басты ереже - қолданыстағы заңымыз. Ал жаңа заң жобасы заман талабына сай, мемлекеттің шекара қызметіндегі ұзақ жылдар бойы қордаланған мәселелерді толық шешуі керек».
Мәжіліс екі оқылым бойы талқылап, арнайы дөңгелек үстел өткізген жаңа заң жобасы бүгін екінші оқылымда мақұлданды. Енді құжат Сенаттың талқысына шығарылмақ.