Жаңа заңға сәйкес сақтандыру саласына өзгерістер енгізіледі
20:02, 16 Маусым 2010
ОРАЛ. Маусымның 16-сы. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Жаңа заңға сәйкес сақтандыру саласына өзгерістер енгізіледі. Бұл туралы жұмыс сапарымен БҚО-да болған Мемлекеттік аннуитеттік компанияның басқарма төрағасы Нұржан Әлимұхамбетов мәлім етті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Оның айтуынша, 2010 жылдың тамыз айынан бастап күшіне енетін жаңа заң бойынша зейнетақылық аннуитет зейнетақы қорына жеткілікті мөлшерде қаржы жинаған азаматтар мен азаматшаларды 55 жастан бастап өмірлік зейнетақымен қамтамасыз етпек. Жаңа заңға сәйкес жұмыс берушілердің 2010 жылдың тамызынан бастап аннуитеттік компаниялар арқылы сақтандыру шартына отыруға құқы бар. Ал 2012 жылдан бастап жұмыс берушілер аталмыш компанияның өзімен міндетті сақтандыру шартына отыруға тиіс. Жаңа заң өндірісте жазатайым жағдайға ұшыраған жұмысшылар құқығын қорғауға арналған және жұмыс берушілердің техника қауіпсіздігі мен табиғатты қорғау мәселелері бойынша жауапкершілігін күшейте түспек.