Жаңа Зеландия табиғи апаттардан зардап шеккендерге қаржылай көмекті тоқтатуы мүмкін
АСТАНА. KAZINFORM — Жаңа Зеландиядағы ауа райының түрлі құбылыстары тұрғын үйді қорғау бойынша мемлекеттік саясатын қайта қарастыруды талап етеді, деп хабарлайды АЗЕРТАДЖ.
Климаттың өзгеруімен байланысты экстремалды ауа райы жағдайлары күшейіп, жиілеп бара жатқандықтан, Жаңа Зеландия үкіметі соңғы жылдары миллиардтаған доллар жұмсап, апаттан кейін тұрғын үйді сатып алуға қатысып келген.
Қазір Жаңа Зеландия үкіметі климаттың өзгеруінің салдарымен күрес бағдарламасын әзірлеу аясында, сел мен топан су салдарынан зардап шеккен тұрғындарға қаржылық көмек көрсету тетігін тоқтату мүмкіндігін қарастырып отыр.
— Үкімет тұрғындарды осылайша үнемі құтқарып отыра алмайды, — деп мәлімдеді осы аптада Жаңа Зеландияның премьер‑министрі Кристофер Люксон мемлекеттік Radio New Zealand радиостанциясына берген сұхбатында, деп жазады Reuters.
Ол кезде Оңтүстік аралдың кейбір аймақтары осы ай ішіндегі топан судың салдарын жою жұмыстарын бастаған еді. Жергілікті билік мәліметі бойынша, шамамен 800 үй зардап шеккен. Сәрсенбі күні үкімет апаттан зардап шеккен фермерлер, кәсіпкерлер мен орман шаруашылығы иелері үшін 356 700 доллар көлемінде өтемақы төленетінін жариялады.
Climate Sigma жүргізген зерттеуге сәйкес, 2060 жылға дейін құны шамамен 7,4 миллиард доллар болатын кемінде 14 500 үй жойқын су тасқынына ұшырауы мүмкін — бұл жылына орта есеппен 300–400 үйдің зардап шегуі ықтимал деген сөз.
Қаржылай көмекті тоқтату – бұл 20 жылға созылатын өтпелі кезеңді қамтитын саясат. Оның мақсаты – тұрғындардың мемлекеттен көмекке иек артуды біртіндеп доғарып, нарықтағы баға мен күтулерді жаңа жағдайға бейімдеуіне мүмкіндік беру.
Жаңа Зеландия мен Аустралия саясаткерлері, зерттеушілері және жылжымайтын мүлік жөніндегі сарапшылар тұрмыстық үй сатып алушылар климаттық өзгерістермен байланысты тәуекелдерді үйлердің бағасына енгізбейтінін бұрыннан ескертеді. Табиғат қорғау министрлігінің есепте ұсынылғандай, тұрғын үйді сатып алу немесе сол жерде тұру туралы шешім қабылдаған кезде, үйді апат ықтималдығы тұрғысынан зерттеп, қосымша ақпаратты ұсыну қажеттігі, сондай-ақ шешімнің салдарынан түсетін шығындарды өз мойнына алатындығын түсіну маңызды деп көрсетілген.
Бұған дейін Жаңа Зеландия үкіметі 2034 жылға қарай халықаралық білім беру нарығын екі есеге ұлғайтуды жоспарлап отырғанын хабарлаған едік.