Жаңа Зеландия үкіметі 16 жасқа толмаған балалардың әлеуметтік желілерді пайдалануына тыйым салатын заң жобасын парламентке енгізуге дайындалып жатыр. Құжатта кәмелетке толмағандардың интернеттегі қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін технологиялық компанияларға бірқатар жаңа заңнамалық міндет жүктеу де қарастырылған.
Жаңа Зеландия үкіметінің ресми сайтында жарияланған Премьер-министр Кристофер Лаксонның мәлімдемесіне сәйкес, 13-17 жас аралығындағы әрбір үшінші жасөспірім күніне кемінде бес сағатын әлеуметтік желіде өткізеді.
Лаксон әлеуметтік желілердің бала психикасы мен дамуын тежейтінін атап өтті. Оның сөзінше, балалар зиянды контенттерді көріп, тәуелділікке ұрындыратын технологиялардың жетегінде кетеді. Одан бөлек отбасымен қарым-қатынасы, психологиялық жай-күйі, ұйқысы мен оқу үлгеріміне кесірі тиеді.
Премьер-министр балалардың әлеуметтік желілерді пайдалануын бақылауға ең алдымен ата-аналар жауапты екенін айтты. Алайда оның айтуынша, әлеуметтік платформалар да өз жауапкершілігін сезініп, бұл мәселеге ортақ міндет ретінде қарауға тиіс.
Осы ретте үкімет Парламентке «Онлайн қауіпсіздік — ең төменгі жас шегі және балалар қауіпсіздігіне төнетін қатерді бағалау туралы» заң жобасын енгізбек.
Лаксон барлық баланы әлеуметтік желілерден толықтай шектеу мүмкін емес екенін мойындады. Ол, сондай-ақ, желіге тіркелу кезіндегі ең төменгі жас шегін енгізу қолданушылардың мінез-құлқына әсер етіп жатқанын Австралиядан алынған алғашқы деректерден байқауға болатынын атап өтті.
Заң жобасының негізгі ережелері
Заң жобасында Instagram, TikTok, Snapchat және Facebook секілді платформаларға өз қолданушыларының 16 жасқа толғанына көз жеткізу міндеті жүктелмек.
Платформалар пайдаланушының жасын анықтау үшін түрлі тәсілді қолдана алады. Атап айтқанда, аккаунттағы мәліметтерді тексеру, бет-әлпетін талдау арқылы жасын анықтау, цифрлық жеке куәлік немесе ресми құжаттарды пайдалану мүмкіндігі қарастырылған.
Заңда белгіленген талаптарды орындамаған компанияларға жалпы кірісінің 10 пайызына дейін айыппұл қарастырылған.
Заң жобасы жаңа технологияларға, соның ішінде жасанды интеллект арқылы жұмыс істейтін цифрлық сұхбаттасу платформаларына қатысты талаптарды да күшейтпек.
Бүгінде кәмелетке толмағандардың әлеуметтік желілерді пайдалану мәселесі көптеген елде өзекті мәселеге айналды. Қазірдің өзінде 20-ға жуық мемлекет балалардың әлеуметтік платформаларға қолжетімділігін шектеу туралы жоспарын жариялады.
Әлеуметтік желілерді пайдалануға жас шектеуін енгізген елдердің қатарында Аустралия, Қытай, Бразилия, Индонезия және Малайзия бар. Еуропалық одақ та осы бағытта тиісті шаралар қабылдауға ниетті екенін мәлімдеді.
Бұған дейін Францияда 15 жасқа толмаған балалардың әлеуметтік желілерді пайдалануына тыйым салу туралы бастама Конституцияға қайшы деп танылған болатын.
Ақзат Жиеналина