Жаңа Зеландияда «басы артық» жыртқыштардың көзі жойылады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Киви құстары мен тотықұстарды құтқару үшін Жаңа Зеландияда барлық жыртқыштардың көзін жою жөніндегі шешім қабылданды. 2050 жылы елде егеуқұйрық, опоссум, күзен және жабайы мысық қалмауы тиіс. Бұл жануарлардың барлығы елге басқа жерлерден әкелінген және сирек кездесетін құстардың құрып кетуіне себепші болуда, деп жазады Gizmodo.

Осы мақсатта Жаңа Зеландия үкіметі $28 млн бөліп, Predator Free New Zealand Ltd атауымен жаңа компания құрды. Бұл компанияның мақсаты ел аумағындағы жыртқыштардың көзін толық жою. Осы мақсатқа оңтайлы жолдарды ұсынатын басқа мекемелер жобалар тартылады.

Елдің экосистемасы бұрын тепе-теңдікте болған деп саналады, алайда маори тайпасы аралға полинезиялық егеуқұйрық пен иттерді алып келген соң ол бұзылған. Одан кейін  архипелагқа еуропалықтар келіп, олар да жыртқыш сүтқоректілерді өздерімен бірге ала келген. Бұл аралдағы қалыптасқан табиғи теңдіктің шырқын бұзған.