Жаңа Зеландияда коалиция құру жөніндегі келіссөздер сәтсіз аяқталса, қайта сайлау өтуі мүмкін

АСТАНА. KAZINFORM – Жаңа Зеландияда парламент сайлауының түпкілікті қорытындысы бойынша бірде-бір саяси блок көпшілік орынға ие болмады. Енді жаңа үкіметті жасақтауда центристік Opportunity партиясының ұстанымы шешуші рөл атқармақ. Бұл Еуроньюс хабарлайды.

Фото: Anadolu

Арнайы бюллетеньдердегі 400 мың дауысты қоса алғанда, 2,8 млн дауыс саналды. Нәтижесінде Премьер-министр Кристофер Лаксон басқаратын Ұлттық партия парламенттен 40 орын алды.

Оңшыл саяси блок 130 орындық парламентте жалпы 65 мандатқа ие болды. Ал көпшілік құру үшін кемінде 66 орын қажет. Лейбористік партия бастаған солшыл блок 58 мандат алды.

Екі блокқа да қосылмаған центристік Opportunity партиясы жеті орын иеленді. Дегенмен оның қолдауының өзі солшыл блоктың парламенттік көпшілік қалыптастыруына жеткіліксіз.

Бұған дейін Opportunity партиясымен ынтымақтастық орнатуды жоққа шығарған Кристофер Лаксон енді осы партияның, сондай-ақ парламенттен 13 және 12 орын алған ACT пен NZ First партияларының қолдауымен үкімет құруға дайын екенін мәлімдеді.

-Келіссөздер күрделі болуы және біраз уақыт алуы мүмкін. Бірақ үдерісті тез аяқтағаннан гөрі, бәрін дұрыс атқару әлдеқайда маңызды, – деді Премьер-министр.

Opportunity партиясының 38 жастағы жетекшісі Кьюли Вонг коалициялық үкіметтің құрамына кіру немесе оған министрлер кабинетінен тыс қолдау көрсету мүмкіндіктерін қарастыруға дайын екенін айтты.

Партияның негізгі талаптарының қатарында климат саясатын қатаңдату және теңіз түбін тралмен аулауға тыйым салу бар.

Сайлау қорытындысы бойынша елдегі екі ірі партияның да партиялық тізім бойынша жинаған дауысы 30 пайызға жетпеді. Лейбористік партияға сайлаушылардың 29,88 пайызы, ал Ұлттық партияға 28,35 пайызы дауыс берген.

Егер саяси күштер үкімет жасақтау жөнінде ортақ келісімге келе алмаса, Жаңа Зеландияда парламент сайлауы қайта өткізілуі мүмкін.

Айта кетейік, Жаңа Зеландияда сайлаудан кейін билік тағдыры шешілмей тұрғаны туралы жаздық.