Жаңа Зеландияда нөсер жауын салдарынан 30 мыңнан астам үй жарықсыз қалды
АСТАНА. KAZINFORM - Жаңа Зеландия аумағында нөсер жауын мен қатты дауыл салдарынан Солтүстік арал бойында әуе, жерүсті және теңіз қатынасы бұзылып, 30 мыңнан астам үй шаруашылығы электр энергиясынсыз қалды, деп хабарлайды Анадолы.
Radio New Zealand (RNZ) мәліметінше, қолайсыз ауа райы Солтүстік аралдағы күнделікті тіршілікке айтарлықтай кедергі келтіріп отыр.
Жаңа Зеландияның метеорологиялық қызметі — MetService шығыс жағалауда желдің жылдамдығы сағатына 240 шақырымға дейін жеткенін, ал ел астанасы Веллингтонның биік аймақтарында 190 шақырымға дейін күшейгенін хабарлады.
Электр энергиясын таратуға жауапты Powerco компаниясының дерегінше, дауыл салдарынан 30 мыңнан астам үй жарықсыз қалған. Ағаштардың құлау қаупіне байланысты бірқатар үйден тұрғындар эвакуацияланып, көптеген ұшақ, пойыз және паром рейстері тоқтатылды, кейбір автожолдар жабылды. Сондай-ақ көптеген мектепте сабақ уақытша тоқтатылған.
Air New Zealand қолайсыз ауа райына байланысты Веллингтон, Нейпир және Палмерстон-Норт әуежайларында рейстердің уақытша тоқтатылғанын мәлімдеді.
Биліктің хабарлауынша, түн ішінде төтенше қызметтерге жүздеген қоңырау түскен. Құтқару топтары құлаған ағаштар, су тасқыны мен бүлінген жолдардың салдарын жою жұмыстарын жалғастырып жатыр.
Осыған дейін Португалиядағы дауылдың 16 адамның өмірін қиғаны туралы жаздық.