«Жаңа жағдайдағы жастар: іс-қимыл кезеңі» республикалық онлайн жобасы іске қосылады
«Президент тапсырмасына сәйкес жастардың цифрлық және кәсіптік білім деңгейін арттыру, спорттық-шығармашылық әлеуетін дамыту мәселелерін назарға алып отырмыз. Осы мақсатта 9 қараша мен 8 желтоқсан аралығында ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен «Қазақстан жастарының конгресі» ЗТБ ұйымдастыруымен «Жаңа жағдайдағы жастар: іс-қимыл кезеңі» республикалық онлайн жастар жобасын жүзеге асыру жоспарланып отыр. Бұл жобаның негізгі мақсаты – жастарды жаңа болмыс жағдайында біріктіру, зияткерлік қабілеті мен тұлғалық капиталын дамыту, сонымен қатар дағдыларын шыңдауға, жаңа қырларын ашуға, кәсіпкерлік, волонтерлік қызметін дамыту үшін жағдай жасау», - деді Шахмардан Байманов ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, биыл бұл бағыттағы онлайн шаралардың біршамасын онлайн форматта өткізу жоспарланған.
«Сондықтан қазіргі күрделі жағдайды ескере келе республикалық онлайн жастар жобасын жүзеге асыруды жөн деп санадық», - деді ол.
Комитет басшысы «Жаңа жағдайдағы жастар: іс-қимыл кезеңі» республикалық жобасы дәстүрлі шара екенін еске салды.
«2018 жылы «Зеренді» республикалық білім лагерінде жоба ұйымдастырылған. Содан бері үшінші рет өткізілгелі отыр. Жобаға үш жылдың көлемінде белсенді жастар қатысқан», - деді ол.