Страсбургте Еуропарламент алдында жыл сайынғы есебін таныстырған Урсула фон дер Ляйен Еуроодақ елдерін технологияның даму қарқынына сай қауіпсіздік ережелерін дер кезінде әзірлеуге шақырды. Оның айтуынша, технологиялық прогресс қауіпсіздік талаптарын әзірлеу үдерісінен озып кетпеуі керек.
Сондай-ақ Еуропа жасанды интеллектінің мүмкіндіктерін тиімді пайдалана отырып, оның ықтимал қауіптерін де ескеруі қажет екенін еске салды.
— Қазір әзірленіп жатқан жаңа модельдер бұрын мүмкін болмаған деңгейдегі хакерлік шабуылдарды жасауға мүмкіндік береді. Жақын арада бұл технологиялар әлемге көзқарасы бізден мүлде бөлек қарсыластардың қолына түсуі мүмкін, — деді Еурокомиссия төрағасы.
Ол Еуропалық одақ жаңа технологияларды қолдану ережелерін өзі айқындап, олардың қауіпсіз дамуына жағдай жасауы қажет екенін атап өтті.
Фон дер Ляйен жасанды интеллектінің дамуы Еуропаның технологиялық бәсекеге қабілеттілігі үшін маңызды екенін атап өтті. Оның айтуынша, ЕО жасанды интеллектінің мүмкіндіктерін пайдалана отырып, оны жеткілікті деңгейде реттемеуден туындауы мүмкін қауіптердің алдын алуы керек.
Айта кетейік, Microsoft АҚШ мектептеріндегі жасанды интеллект жүйелеріне жаңа шектеулер енгізеді.
Сондай-ақ Илон Маск пен OpenAI басшысы Сэм Альтман Anthropic компаниясының бас директоры Дарио Амодеидің жасанды интеллектінің ең қуатты жүйелерін әзірлеу қарқынын бәсеңдету туралы ұсынысын қолдады. Бұл ұсыныс ЖИ жүйелерінің қауіпсіздігіне қатысты алаңдаушылықтың күшеюіне байланысты айтылды.