«Жаңа Жібек жолы» - Қазақстанның көпвекторлы саясатының негізгі бағыттарының бірі
Әңгіме Азия Тынық мұхит аймағы елдерінен Орталық Азия елдері арқылы Еуропаға бірнеше бағдарлар құру туралы болып отыр. Жоба тоқсаныншы жылдардан бері қаралуда, бірақ өткен жылы ол іс жүзінде іске асыру кезеңіне өтті. Ол жүктер тасымалын үш есеге дейін (Қазақстанның өзінен 50 млн тоннаға дейін) арттырып қана қоймай, Орталық Азия елдерінің экономикасын барынша нығайтуға мүмкіндік береді деп болжануда.
Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму министрі Әсет Исекешевтің айтуынша, «Азия және Еуропа елдерінің сауда айналымы жақын уақытта триллион долларға жететін болады, осы трафиктің бір бөлігі қазірдің өзінде Қазақстан арқылы Ресейге және одан әрі Солтүстік Еуропаға өтуде. Егер біз Орталық Азия және Кавказ елдері арқылы Оңтүстік Еуропаға жалғасатын сенімді дәлізді құратын болсақ, онда екі бағыттағы транзит көлемін бірнеше есе арттыра аламыз». Қазақстан «Жібек жолы» инфрақұрылымын құруға жоспарлы түрде әрекет етуде. Қазірдің өзінде 1250 км темір жол тартылды, осының арқасында Батыс Қытаймен қарым-қатынасты мыңдаған шақырымға қысқарту мүмкін болып отыр. 2011 жылы «Жетіген - Қорғас» темір жол магистралінің құрылысы аяқталды (293 км), ал 2012 жылы Қытаймен шекарада орналасқан өткізу қабілеті 20 млн тонна болатын «Алтынкөл - Қорғас» екінші темір жол өткелі пайдалануға берілді. Осы бағдарлардың негізгі мақсаты - Қытайдан және Оңтүстік Шығыс Азия елдерінен жүк ағындарын тарту және оларды Орталық Азия, Ресей, Еуропа мемлекеттеріне және кері қарай өткізу. «Солтүстік - Оңтүстік» көлік дәлізін одан әрі дамыту үшін 2011 жылғы желтоқсанда «Өзен - Түркіменстанның шекарасы» жаңа темір жол құрылысы аяқталды және 2013 жылғы мамырда Қазақстан мен Түркіменстанның арасында «Болашақ- Серхетяка стансасы» ашылғаны белгілі. Теңіз порттарының жүктемесін (негізгі порт - Ақтауда) екі есеге - жылына 40 млн тоннаға дейін арттыру жоспарлануда. Жаңа жолдарды жылжымалы құраммен қамтамасыз ету үшін осында жақын арада локомотивтер мен вагондар өндірісі жолға қойылып отыр. «Жаңа Жібек жолы» темір жол салуды ғана болжап қоймайды. Оған бірден тоғыз жоба кіреді. Олардың кейбірі әзірге жоспарлануда, ал бір бөлігі басталып та қойды (мысалы, Ақтау портын кеңейту), енді бірі аяқталу кезеңінде. Жыл соңына қарай қытайлық Ляньюньган портында қытай-қазақстан бірлескен компаниясы салып жатқан терминал пайдалануға берілуі тиіс. Ол Қытай және Оңтүстік Шығыс Азия елдерінің нарығына Қазақстанның экспорттық және транзиттік әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді. Тауарларды өндіруге және олардың экспортын дамытуға, жанында шамамен тоғыз әртүрлі өндіріс орындары (өнім өндірісінен бастап металл өңдеуге дейін) шоғырланатын, қоймалары бар логистикалық торап орналасатын «Қорғас - Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағына қосымша транзиттік жүк ағынын тартуға арналған инфрақұрылым құрылысы аяқталуға таяу. «Теңіз қатынасы күрт дамуы салдарынан «Ұлы Жібек жолы» жойылып кетті, Орталық Азия аумағындағы мемлекеттер көптеген жылдар бойы әлемдік саясаттан шеткері қалған өңірлерге айналды. Ал қазір біз бірлесіп ұзақ мерзімді перспективада әлемдік саяси аренада көшбасшылық орынды иеленгіміз келеді», - дейді ҚР Тұңғыш Президенті қорының Халықаралық экономикалық саясат институтының директоры Сұлтан Әкімбеков. Осы арада нақтылай түссек, бұл көлік инфрақұрылымы құрылысы жөніндегі кешенді мега-жоба қысқа жолмен Қытайды, сондай-ақ Оңтүстік Шығыс Азия елдерін Еуропамен, Африка және араб әлемі елдерімен жалғастыратын болады. Оның негізгі учаскелері Қазақстан, Өзбекстан, Түркіменстан, Тәжікстан, Қырғызстан, Әзербайжан және Ауғанстан арқылы өтетін болады (ал кейбірі қазірдің өзінде қолданылуда). Еуропаға шығуды Иран немесе Түркия арқылы ұйымдастыру жоспарлануда. Автомобиль бағыттарының бірін Еуропаға Ресей арқылы жүргізу жоспарлануда. Бір өкініштісі, Саратовқа шығатын өз бөлігін Қазақстан аяқтап қойған, Ресей болса қаражаттың жоқтығын алға тартып осы жол құрылысын кешіктіруде. Осы жобаға байланысты ҚР Ұлттық Банк төрағасы Қайрат Келімбетовтің де өз айтары бар. «Жаңа Жібек жолы» негізінен Орталық және Орта Азия елдеріне болашақта, мұнай мен газ осы өңірде халықаралық сауда-саттықтың негізгі мәні болудан қалған жағдайда экономикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін болады. Сондай-ақ, біздің Еуроодақпен тікелей тауар алмасуымыздың күшеюі қазіргі уақытта қалыптасқан тепе-теңдікті бұзбайды, керісінше оның мүмкіндіктерін барлығымыз үшін кеңейтетін болады», -дейді ол. Бұған қоса «Жаңа Жібек жолының» жаңа жобалары Ресейден өтетін қолданыстағы, сондай-ақ болашақтағы бағыттарды да толықтыратын болады. Мысалы, Қазақстан, Ресей және Беларусь арқылы Қытай-Еуропа жаңа дәлізін құру үшін жоғары жылдамдықты қозғалысты іске қосу жоспарлануда, бұл үшін Кеден одағы елдерімен бірлесіп КЛК (көліктік логистикалық компания) құрылды. Ресей өз кезегінде «Жаңа Жібек жолына» қатысу мүмкіндігін жоққа шығармайды және оған БАМ және Транссібті қосуды ұсынады. Тағы бір айта кетер жайт, «Жаңа Жібек жолы» жобасына қатысушы елдердің барлығы үшін Иран логистиканың ең бір оңтайлы буыны болып отыр. Бұл Еуропамен жалғастыратын ең қысқа жол және осы бағыт барлық жобаларда көзделген. Өкінішке орай ұзақ жылдардан бері Иранға санкция салынғандықтан, әзірге Грузия мен Түркия арқылы өтетін бағыт қарастырылуда. Қазіргі әлемдегі геосаяси сұрақтар мен сұраныстың туындауына байланысты жауабы әзірге дайын болмаса да оның шешімі болары сөзсіз. Қорыта келгенде, болашақта Қазақстанның осынау көпвекторлы саясаты өз жемісін беретіндігі анық. Ал «Жаңа Жібек жолы» толықтай іске қосылған шақта еліміз геосаяси аренадағы жетекші мемлекеттердің бірі болатындығы күмәнсіз. Ерлан Қожакелдиев