Жаңа жылдан бастап асыраушысынан және еңбек қабілетінен айырылғандар жәрдемақысы өседі

Фото: gov.kz

АСТАНА. KAZINFORM — Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі еңбек қабілетінен және асыраушысынан айырылғандарға төленетін жәрдемақыны көбейтпек. Тиісті қаулы жобасы Ашық НҚА платформасында жарияланған. 

Қаулы жобасына сенсек, 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап асыраушысынан және еңбек қабілетінен айырылғандарға Әлеуметтік мемлекеттік сақтандыру қорынан төленетін (2025 жылғы 1 қаңтарға дейін тағайындалған) жәрдемақыны 6,5 пайызға өсіру жоспарланып отыр. 

Құжат 17 қыркүйекке дейін қоғам талқысында болады. 

Еске сала кетейік, биылғы 1 қаңтарда күнкөріс минимумының көбеюіне байланысты мүгедектігі бар жандарға және асыраушысынан айырылғандарға төленетін әлеуметтік төлем 7 пайызға көтерілген еді. 

Үкімет қаулысымен еңбек қабілетінен айырылғандар жәрдемақысы да биыл 7 пайызға өсті.