Финалдар, шоу және мерекелік кештер: Жаңа жылдық көңіл күй «Хабардан» басталады

Фото: «Хабар» телеарнасы

АСТАНА. KAZINFORM — Ертеңнен бастап «Хабар» телеарнасында нағыз мерекелік қарбалас басталады. Көрерменді бірінен соң бірі қызықты финалдар, ауқымды шоу, танымал жұлдыздар мен көтеріңкі көңіл күй күтіп тұр. Жаңа жылдық марафон 27 желтоқсанда басталып, 4 қаңтарға дейін жалғасады.

Мерекелік эфирдің алғашқы күні-ақ тартысқа толы болмақ. Сағат 10:00–де «Шеберлер шайқасы» реалити-шоуының алғашқы маусымы аяқталады. Бірнеше ай бойы дәнекерлеуші, құрылысшы, аспаз, автослесарь мен ағаш шеберлері өзара бақ сынап, шынайы еңбекке жақын тапсырмаларды орындады. Бұл жоба көрерменге тек сайысты емес, қарапайым еңбек адамдарының мінезі мен өмірге деген көзқарасын көрсетті. Финалда бес мықты шебер жеңіс үшін соңғы рет күш сынасады.

Фото: «Хабар» телеарнасы

Ал сағат 20:00–де көрермен көптен күткен «The Voice Қазақстан» финалын тамашалайды. Бұл жолы жай ғана ән айту емес, үлкен сахналық шоу ұсынылады. Жанды музыка, би, ерекше қойылымдар мен күтпеген дуэттер финалды нағыз таланттар шеруіне айналдырмақ. Әр финалист өз өнерін барынша ашып көрсетуге мүмкіндік алады.

31 желтоқсан күні сағат 20:00–де «Қызық премия» көрерменді күлкіге қарық қылып, ескі жылды көңілді күйде шығарып салады. Бағдарламаны Марат Оралғазин мен Еркебұлан Мырзабек жүргізіп, жыл бойы ел назарында болған түрлі кейіпкерлерді студияға жинайды. Кім қай аталымға ие болатыны эфир кезінде ғана белгілі болады. Сондықтан қызық та, күтпеген сәттер де соңына дейін сақталады.

Ал Жаңа жыл түні сағат 22:00–де «Ғажайып түн» басталады. Бір сахнада 45-тен астам қазақстандық өнерпаз бас қосып, сүйікті әндерін орындайды. Роза Рымбаевадан бастап, жас орындаушыларға дейінгі жұлдыздар көрерменге мерекелік көңіл күй сыйлайды. Кеш жүргізушілері де — елге танымал, көрерменге жүзі таныс тұлғалар.

Мереке мұнымен бітпейді. Қаңтардың алғашқы күндері «Хабар» эфирінен танымал әншілердің мерекелік кештері мен отбасымен бірге көруге арналған фильмдер көрсетіледі.

Жаңа жылды үйде, жылы атмосферада қарсы алғыңыз келсе — теледидарды «Хабарға» қосыңыз. Әрқашан Хабарда Болайық!