Іскерлік форум басталар алдында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың өңірдің мерейтойына орай жолдаған құттықтау хаты оқылды.
Мемлекет басшысы Қостанай облысының ел тарихында ерекше орын алатынын және бұл өңір көрнекті ағартушылар мен мемлекет қайраткерлері дүниеге келген жер екенін атап өтті. Бүгінде бұл облыс - Қазақстанның ірі өнеркәсіптік және аграрлы өңірінің бірі.
Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов осы инвестициялық форумның облыстың құрылғанына 90 жыл толуына орай өткізілуінің ерекше маңызы бар екенін сөз етті.
— Бүгін Қостанай облысының құрылғанына 90 жыл толуын атап өтіп жатырмыз. Дегенмен, 90 жыл – бұл тек ресми деректердегі дата ғана. Өңіріміздің тарихы мыңжылдықтарға созылады, ал бүгінгі жетістіктеріміз – сол көп ғасырлық тарихтың жалғасы, – деді облыс әкімі.
Құмар Ақсақалов шикізатты тереңдетіп өңдеуге, «жасыл» энергетика мен көлік инфрақұрылымын дамытуға, сондай-ақ инженерлік кадрларды даярлауға ерекше назар аударылып отырғанын атап өтті.
— Біз ондаған жылдарға жоспар құрып, болашақты ойлайтын инвесторлармен жұмыс істеуге дайынбыз. Егер ауқымды экономикалық өсімге үлес қоса алатын өңірді іздесеңіз, Қостанай облысына қош келдіңіздер!, – деді өңір әкімі.
Форумның іскерлік бағдарламасында сөз сөйлегендер қатарында «Allur» директорлар кеңесінің төрағасы Андрей Лаврентьев, Freedom Holding Group компаниясының негізін қалаушы Тимур Турлов, «Еуразиялық Топ» ЖШС-ның Бас директоры Кудрәт Шамиев және «Астана бас жоспары» ҒЗЖИ» ЖШС Бас директоры Руслан Жақыпов болды.
Олар машина жасау саласын дамыту, инвестициялық жобалар, темір кенін өңдеу зауытының құрылысы және жаңартылған бас жоспарға сәйкес Қостанай қаласын дамыту мәселелерін талқылады.
Андрей Лаврентьевтің сөзіне қарағанда, Қостанай облысында қазіргі кезде заманауи өнеркәсіптік кластер құрылып жатыр.
— Бүгін біз қазақстандық шикізаттан бастап қазақстандық өндірістегі автокөлікке дейінгі тұйық циклді өндірісті қалыптастырып жатырмыз, - деп атап өтті ол.
Тимур Турлов Қостанай облысын еліміздің ең қарқынды дамып келе жатқан өңірлерінің бірі ретінде сипаттады.
— Қостанай облысы жоғары инвестициялық әлеуетке ие және өңірдің одан әрі дамуына мүдделіміз», — деп атап өтті Турлов.
Расул Рысмамбетов облыстың 90 жылдығы атқарылған жұмыстарды қорытындылауға және дамудың алдағы басымдықтарын айқындауға жақсы мүмкіндік екенін айтты.
— Өңірдің әлеуеті орасан зор. Егер тұрғын үй, энергетика және инфрақұрылымға қатысты мәселелер қатар шешілсе, мұнда бірнеше жыл ішінде нағыз экономикалық өрлеу басталуы мүмкін, — дейді Рысмамбетов.
Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қостанай облысының құрылғанына 90 жыл толуына арналған салтанатты іс-шараға қатысушыларды құттықтады.