Орташа жылдамдық енді ресми түрде бақыланады
Ең басты өзгерістердің бірі – екі бақылау нүктесінің аралығындағы орташа жылдамдықты қадағалау жүйесі Жол қозғалысы ережелерінде ресми түрде бекітілді. Әдетте, жүргізушілер камера бар тұсқа келгенде ғана жылдамдығын рұқсат етілген шамаға дейін түсіреді де, ол жерден өтіп кеткен соң, қайтадан шектен тыс көтереді. Енді ондай қулық жасауға мүмкіндік болмайды. Өйткені, сапарға шығып, қалааралық тас жолмен жүре бастағанда, бақылау камерасы көлікті тіркейді. Сапарды аяқтағаннан кейін, тас жолдың соңындағы камера машинаны тағы да есепке алады. Сонда тиісті арақашықтықты қанша уақытта жүріп өткені және орташа жылдамдығы автоматты түрде белгілі болады. Сол арқылы жүргізуші камера бар тұста ғана жылдамдығын азайтып, басқа жерде рұқсат етілген нормадан асырып, жауапкершіліктен қаша алмайды.
Орташа жылдамдық ұғымы Қазақстанның заңнамасында 2023 жылы пайда болды. Дегенмен, енгізілген түзетулер Жол қозғалысы ережелерінде оның қолданылу тәртібін бекітті және мұндай бақылау жүргізілетін тас жолдар тізбесін кеңейтті.
Бүгінде аталған жүйе ақылы жолдардың сегіз учаскесінде жұмыс істеп тұр:
Астана — Щучинск (140 км/сағ);
Астана — Павлодар (140 км/сағ);
Шымкент — Қызылорда (110 км/сағ);
Шымкент — Тараз (110 км/сағ);
Павлодар — Семей — Қалбатау (100–110 км/сағ);
Орал — Ресей шекарасы (Саратов) (100 км/сағ);
Павлодар — Ресей шекарасы (Омбы) (100 км/сағ);
Жібек Жолы — Теміртау (140 км/сағ).
Сонымен қатар, «ҚазАвтоЖол» 10 шілдеден бастап тағы бірнеше ақылы учаскеде орташа жылдамдықты бақылау жүйесін енгізіп жатыр:
— Ақтөбе – Қандыағаш;
— Алматы – Қорғас;
— Көкшетау – Петропавл;
— Астана – Теміртау, Аршалы – Ошағанды учаскесінде.
Инспекторлар көлікті не үшін тоқтатқанын түсіндіруге міндеттелді
11 мамырдан бастап полиция қызметкерлерінің көлік құралдарын тоқтату тәртібі де өзгерді.
Енді автокөлікті тоқтатқан соң, лауазымды тұлға бірден жүргізушіге барып, тоқтатқан себебін айтуы тиіс. Егер азамат талап етсе, тәртіп сақшысы оған қызметтік куәлігін қолына бермей, көрсетуге міндетті.
Ал Жол қозғалысы ережелерін бұзу фактісі фото немесе видео құралдары арқылы автоматты түрде тіркелсе, онда полицей жүргізушіге аталған материалдарды көрсетіп, таныстыруы керек.
Камералар ескерту белгілерінсіз жұмыс істейді
Тағы бір өзгеріс фото және видео тіркеу кешендеріне қатысты.
Енді камералар орнатылғаны жөнінде жол белгісін қою міндетті емес. Жол ережелерін бұзу фактілерін техникалық құралдар ондай ескерту болса да, болмаса да, есепке алады.
Электрлі самокаттарға арналған жаңа ережелер
1 шілдеден бастап жалға алынатын электрлі самокаттарды қолдануға қатысты жаңа талаптар күшіне енді. Ондағы мақсат – жол қозғалысында қауіпсіздікті арттыру.
Енді жалға берілетін әр электрлі самокаттың тіркеу нөмірі болуы тиіс. Одан бөлек, қолданушылар үшін азаматтық-құқықтық жауапкершілікті сақтандыру міндетті.
Егер азаматтың жүргізуші куәлігі болмаса, онда самокатты көлік жүретін жолда қолдана алмайды. Жалпы, автокөлік жүретін жолда самокатты жасы 18-ден асқан, кез-келген категориядағы жүргізуші куәлігі бар, басына қорғаныс дулығасын киген кісілер айдай алады. Қазір жаяу жүргіншілер жолында электрлі самокатпен жүруге болатын ең жоғары жылдамдық – 6 км/сағ. Ал 25 тамыздан бастап, тротуарлар мен жаяу жүргіншілер жолағында самокатпен жүруге толықтай тыйым салынады.
Қысқа мерзімге жалға берумен айналысатын кикшеринг компаниялар үшін де жаңа міндеттемелер енгізілді. Олардан мынадай нәрселер талап етіледі: самокаттардың техникалық жағдайын қамтамасыз ету, аталған құралдардың жылдамдығы мен орнын бақылау, арнайы аймақтарда жылдамдығын автоматты түрде шектеу, самокаттарды бейберекет қойып кетудің алдын алу, көлік құралдарын тіркеп, есебін жүргізу және қажет болған жағдайда деректерді ішкі істер органдарына беру.
Жол-көлік оқиғасынан кейін қайтадан техникалық байқаудан өткізу керек
12 шілдеден бастап тағы бір норма күшіне енеді. Ол – жол-көлік оқиғасына ұшыраған автокөліктер туралы ереже.
Егер жол-көлік оқиғасы нәтижесінде машинаға одан әрі қолданылуына тыйым салынатындай деңгейде зақым келсе, онда міндетті түрде қайтадан техникалық байқаудан өткізілуі керек. Мұндай тексеріске автокөлікті ішкі істер органдарының құзіретті лауазымды тұлғасы бағыттайды.
Айта кетейік, бұған дейін ҚазАвтоЖол жолдардағы жаңа «ақылды» камералардың не үшін орнатылып жатқанын түсіндірген еді.