Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде көлік инфрақұрылымын дамыту тақырыбында өткен Үкімет сағатын қорытындылаған Мәжіліс Төрағасының орынбасары Жәнібек Кәрібжанов осылай мәлім етті.
Көлік және коммуникация министрінің баяндамасынан соң сөз алған Парламент Мәжілісі Төрағасының орынбасары Жәнібек Кәрібжанов еліміздің әлеуметтік-экономикалық қарқынды дамуына көлік саласының тигізер әсерінің зор екеніне тоқталып, бұл ретте саланы экономиканың күретамыры деп бағалай келе, ондағы шешімін таба алмай отырған мәселелерді де атап өтті.
«Бірінші мәселе, жергілікті жерлердегі жол жөндеу және пайдалану шаруашылықтарының жол-құрылыс техникалық жабдықтарының тозуы және осы жолдардың сапасының төмендігіне байланысты. Сондықтан, жаңадан салынып жатқан жолдардың сапасын жақсарту, бар жолдарды талапқа сай тиімді пайдалану мақсатында министрлік тарапынан бақылауды күшейту керек. Екінші, теміржол саласында көрсетілетін қызметтің сапасын арттыру, билеттерді сатуда жариялылық пен ашықтық механизмдерін енгізу қажет. Бұл бүгін шешімін табуы тиіс тетік. Үшінші, авиабилеттер бағасының тарифтері министрлік тарапынан қатты қадағалануы орынды деп есептейміз»,- деді Ж. Кәрібжанов.
Бұл ретте вице-спикер министрлік тарапынан қабылданған тәуір жоспарлар мен бағдарламалардың бар екендігіне тоқталып, «соларды сөзден іске тезірек ауыстыру қажеттігін» атап өтті.