Тоқаев: Жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік беретін өңдеу секторына басымдық беру керек
АСТАНА. KAZINFORM – Президент жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік беретін өңдеу секторына ден қою қажет деп есептейді.
– Төртінші. Аймақ экономикасы тұрақты және әртарапты болуы үшін кәсіпкерлікті дамыту аса маңызды. Қазіргі таңда облыста 77 мың шағын және орта бизнес нысаны жұмыс істеп тұр. Олар 150 мың адамға жұмыс беріп отыр. Былтыр кәсіп иелері шығарып жатқан өнім көлемі 270,5 миллиардқа өсіп, 2,2 триллион теңгеге жетті. Биыл аймақтағы шағын және орта бизнесті қолдау үшін мемлекеттік бюджеттен 16 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінетін болды. Қазірдің өзінде 12,5 миллиард теңге бөлініп, 150 жобаға қолдау көрсетілген. Бұдан бөлек, жақын арада «Mangystau Business» бағдарламасы іске қосылады. Осы ауқымды жұмыстың аясында 30 жаңа жобаға қаржы бөлінбек, жалпы сомасы 1,5 миллиард теңге болады, - деді Президент.
Өз кезегінде Қасым-Жомарт Тоқаев аймақтағы барлық шаруаны тиімді жүзеге асыру үшін мемлекеттік органдарды жұмыла жұмыс істеуге шақырды.
– Өздеріңіз білесіздер, облыстың өз ерекшелігі бар. Атап айтқанда, мұнай өндірісінің басым болуы, шөлді жерде тұрғаны, су тапшылығы, азық-түлік импортына тәуелділік. Сондықтан жоспардағы барлық шаруаны тиімді іске асыру үшін мемлекеттік органдардың бәрі жұмыла жұмыс істеуі керек.
«Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағы облыстағы кәсіпкерлікті дамытуға ерекше серпін беретін орталық болуға тиіс. Қазір онда 22 жаңа жоба жүзеге асырылып жатыр. Арнайы экономикалық аймаққа салынған инвестицияның жалпы көлемі – 337 миллиард теңге болды, соның тең жартысы – шетел инвестициясы.
Биыл арнайы экономикалық аймақтың аумағын жеті есе ұлғайту жоспарланып отыр, яғни, 3,7 мың гектардан 26,5 мың гектарға дейін. Бұл – орынды шешім. Әкімнің де экономикалық аймаққа қатысты ұсыныстары бар. Халық тұтынатын тауарларды, соның ішінде азық-түлік өндірісін экономикалық қызмет түріне қосуға болады. Дегенмен жоғары сапалы өнім шығарып, жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік беретін өңдеу секторына басымдық беру қажет. Үкімет пен әкімдік осы салаға егжей-тегжей талдау жасап, тиімді жұмыс жүргізуге тиіс. Қағазбастылық болмауы керек, нақты, нәтижелі жұмыс қажет, - деп атап өтті Мемлекет басшысы.