Жаңа жүйе медициналық меке­ме­лер арасында бәсекелестікті қа­лып­тастыруда - Қызылорда

None
ҚЫЗЫЛОРДА. Маусымның 22-cі. ҚазАқпарат /Руслан Игілік/ -Үстіміздегі жылдың басынан елі­мізде денсаулық сақтау саласына жа­ңа жүйенің енгізілгені белгілі.

Бірыңғай денсаулық сақтау жүйесі аталатын бұл жаңа реформаның мақсаты емде­лу­шінің дәрігер мен медициналық ме­кемені еркін таңдауын, емдеу меке­ме­лері арасында бәсеке­лестік ортаны қа­лыптастыру және медициналық қыз­мет көрсету үрді­сі­нің ашықтығын қам­та­масыз ету болып табылады. Былайынша айтқанда, жаңа жүйе бойынша науқас дәрігер мен емдеу орнын өзі таңдауға мүм­кін­дік алып отыр. Сонымен қатар, нарық за­­манына сәйкес медициналық меке­ме­лер арасында бәсекелестік қа­лып­тасып, бұл өз кезегінде қызмет са­па­сының артуына ықпал етеді деп күтілуде.

Жаңа жүйені жүзеге асыру бағы­тын­да арнайы мекемелер құрылған. Атап айтқанда, медициналық қызметке ақы төлеу комитеті, ауру­ха­на­ға жатқызу бюросы жаңа жүйенің өмірге келуіне байланысты құрылып отыр. Мәселен, ауруханаға жатқызу бюросы емделушінің дәрігер мен емдеу орнын еркін таңдауын реттеп отырады. Яғни, учаскелік дәрігер нау­қастың кодын көрсетіп, оны ауруханаға жатқызу бюросына өткізген соң «күту парақшасын» алады. Содан кейін ғана аурудың коды мен науқастың коды көрсетілген жолдамамен емделуші қалаған ауруханасына барады. Алғаш­қы екі айда бұл жұмыстарды жолға қою барысында біраз қиындықтар кездескені рас, алайда қазіргі таңда ол реттеліп келеді. 4 айда 7602 науқас өз еркімен ауруханаға жатқызылды. Олардың 7493-і, яғни, 98,5 пайызы облыс деңгейінде, 43-і (0,5 пайызы) өңіраралық, 65-і (0,8 пайызы) респуб­ликалық деңгейде емделген.

Медициналық қызметке ақы төлеу комитеті қызмет көрсетудің ашықтығын қамтамасыз етіп, емде­лу­ге жұмсалған нақты шығындарды то­лы­ғымен төлеуді қамтамасыз етіп оты­рады. Аймақта 33 медициналық ұйым стационарлық және стационарды алмастырушы медициналық көмек түрлерін көрсету үшін комитетпен келісімшартқа отырып, бүгінде сол бойынша жұмыс жасауда.

Медициналық қызмет көрсетудің бәсекелестік ортасын қалыптастыру үшін стационарлық көмек көрсететін емдеу орындарының материалдық-техникалық базасы соған лайық болуы тиіс. Яғни, оларда емделуші үшін барынша қолайлы жағдай жасалуы керек. Бүгінде Сыр өңірінде тек облыстық медицина орталығы мен қалалық аурухана ғана талап деңгейі­нен көрініп тұрғаны белгілі. Қазіргі таң­да өз еркімен осы ауруханаларда ем­делуді қалайтындар қатары көп. Бар­лық «күту парақшасында» тіркелген 623 науқастың 495-і облыстық меди­цина орталығына кезекте тұр.

Мамандандырылған бөлімшелер бойынша талдағанда, науқастардың ба­­сым бөлігі көз аурулары бөліміне ке­зек күтетіні байқалады. Содан кейінгі үлестің басымы кардиология бөліміне тиесілі. Үшінші кезекте неврология бө­лі­міне жатушылар тұр. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы осыларды реттеп отыру мақсатында апта сайын ақпар жинақтап, талдау жасап тұрады.