Жаңа жыл қарсаңында Шахтинск қаласында 60 отбасы пәтер кілтін алды

ШАХТИНСК. ҚазАқпарат – Жаңа жыл қарсаңында кезекте тұрған 60 отбасы Шахтинск қаласындағы пәтерлердің кілттерін алды. Жаңа қоныстанушылар арасында жетім балалар, көп балалы отбасылар және халықтың әлеуметтік осал топтары бар, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жаңа 60 пәтерлі бес қабатты үй Нұрлы жер мемлекеттік бағдарламасы бойынша салынды. Жаңа ғимаратта жеті үш бөлмелі пәтерді көпбалалы отбасылар алды.

Надежда Никульча сегіз жыл бойы тұрғын үйге кезекте тұрған. Көп балалы әйел осыған дейін жалдамалы пәтерлерде тұрып келген.

«Қазіргі уақытта тұрғын үйді жалға алу оңай емес. Бұл отбасылық бюджетке зор шығын келтіреді, сонымен қатар ол пәтерге қалағаныңды сатып ала алмайсың.

Барлық иелер жиһазды ауыстыруға мүмкіндік бермейді. Баспана алғанымызға өте қуаныштымын. Бізге үш бөлмелі пәтер берілді. Қазір жиһаздар мен үй заттарын сатып алуды жоспарлап отырмыз», – дейді Надежда Никульча.

Жетім балаларға 16 пәтер берілді. Қалғандары әлеуметтік осал отбасылар арасында бөлінді.

Светлана Щербакова 2011 жылдан бері кезекте тұрған, оның мүгедектігі бар.

Әйелге бір бөлмелі пәтер берілді.

«Баршаңызға сәттілік, ашық аспан, жақсылық, шаңырақтарыңызға жайлылық тілеймін! Көптен күткен пәтер, мен керемет бақыттымын. Бұл менің өмірімдегі ең жақсы жаңа жылдық сыйлық!» – деді Светлана.

Кілттерді қала әкімі Мұрат Қыдырғанбеков тапсырды.

«Осы үйдің енгізілуімен біз 60 тұрғынды жаңа пәтермен қамтамасыз еттік. Құрметті қоныстанушылар, баршаңызды құттықтаймын! Сіздерге бақыт, денсаулық және амандық тілеймін!» – деді Мұрат Қыдырғанбеков.

Бүгінгі таңда Шахтинск қаласында тұрғын үй кезегінде 1499 адам тұр.