Жаңа жыл: Маңғыстауда сотталушы кішкентай қызына өз қолымен сыйлық жасады

АҚТАУ. ҚазАқпарат - ГМ-172/6 мекемесінде жазасын өтеп жүрген Әмір Алхасов жаңа жыл қарсаңында қызына өз қолымен балалар жиһазын жасап, тарту етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Түзету мекемесінде жазасын өтеп жүрген ол 4 жылдың ішінде жиһаз жасауды үйренген. Бұл туралы Қылмыстық атқару жүйесі комитетінің Маңғыстау облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

Жаңа жыл қарсаңында Әмір жалақысынан жиналған ақшаға қажетті материалдарды сатып алып, цех басшысына қызына жаңа жылдық сыйлық жасағысы келетінін айтады.

Оның бұл идеясын цехтағы әріптестері мен басшылығы қолдады. Сөйтіп оған сыйлық дайындау үшін мүмкіндік жасады.


Түрме басшылығы балаға әкесінің сыйлығын жеткізуге көмектесті. Мекеме әкімшілігі сотталушының қызымен бейнекездесуін де ұйымдастырып берді

«Сотталғандарды жұмысқа орналастыру, оларды жұмысқа бейімдеу - маңызды элементтердің бірі. Мұнда сотталғандар қажетті дағдыларды меңгеріп, кез келген мамандықты игеріп қана қоймай, маңызды қаржылық шешімдер қабылдай алады. Олар ақшасының бір бөлігін талап-арызды өтеуге жұмсайды, одан қалғанына иелік ету - олардың құқығы мен таңдауы. Көптеген сотталушы қаражатты отбасының қажетіне пайдаланады», - дейді ҚАЖД бастығының орынбасары, әділет подполковнигі Қанат Жарылғапов.