Жаңа жыл мейрамын БҚО ішкі істер органдары да атап өтті

None
ОРАЛ. 28 желтоқсан. ҚазАқпарат - Бүгін Орал қаласындағы Жастар мәдениет үйінде БҚО ішкі істер органдары қызметкерлерінің отбасылары мен олардың балаларына арналған жаңажылдық шырша ұйымдастырылды.

Облыстық ІІД баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, бүлдіршіндерге Жастар мәдениет үйінің өнерпаздары мерекелік бағдарламасын ұсынды. Жаңажылдық қойылымда ертегі кейіпкерлері - Маша мен Аю, Жалмауыз кемпір, сондай-ақ келе жатқан Жылқы жылының символы бүлдіршіндермен бірге түрлі ойындар ойнап, сайқымазақтар би биледі. Балалар шыршаны айнала ән айтып, би билеп, Аяз ата мен Ақшақарға өз өнерлерін көрсетті. Жасыл шырша маңына жиналған балалардың қуанышында шек болмады. Мерекеге арнайы дайындалған сахналық көріністер балдырғандар көңілін асқақтатты.

Мереке соңында Аяз Ата мен Ақшақар бүлдіршіндерге арнап дайындаған сыйлықтарын таратып, балаларға қызықты жаңажылдық мультфильм көрсетілді.