Жаңа жылда ең көп сәби Алматыда дүниеге келген

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда жаңа жыл қарсаңында барлығы 618 бала дүниеге келді. Бұл туралы ҚазАқпарат ДСМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

«Жаңа туған нәрестелер саны жағынан бірінші орында Алматы қаласы тұр. Мұнда жылдың ең соңғы күні 106 бала дүние есігін ашты. Одан кейінгі орындарда тұрған Алматы облысында - 66, Жамбыл облысында - 57, Астана қаласында - 51, Атырау облысында - 46, Қарағанды облысында 44 бала дүниеге келді», - деп жазды ҚР Денсаулық сақтау министрінің баспасөз хатшысы Гауһар Бисарина Фейсбук парақшасында.

Айта кету керек, Қазақстанда 2017 жылдың 31 желтоқсанында 768 сәби дүниеге келген. Бұған дейін мереке күні елордада 20-дан астам сәби дүниеге келсе, ал Талдықорғанда 41 бала өмір есігін ашқанын хабарлаған болатынбыз.

Одан бөлек, 1 қаңтар күні Шымкент қаласында 60 нәресте дүние есігін ашты.