Жаңа жылда Оңтүстік Қазақстан облысындағы екі елді мекен таза ауыз сумен қамтылды

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат  - Оңтүстік Қазақстан облысы Мақтарал ауданы Қызылқұм ауылына таза ауыз су берілді. Талайдан бері тіршілік нәріне қол жеткізе алмай жүрген тұрғындар үшін бұл жаңа жылдағы тамаша тарту болды.

Өйткені, ауылдағы ағайын күні кешегі дейін ауыз суға телміріп отыратын,- деп хабарлайды аймақтағы "ҚазАқпарат" тілшісі.

«Елді мекенге су жүйесі өткен ғасырдың 70-ші жылдары тартылған. Содан бері жөндеу көрмегендіктен, құбырлардың тозығы жеткен. Шіріген құбыр әр жерден тесіліп, жамау-жамау күйге түсетін. Сол уақытта біз суды өзге ауылдан тасып не сатып ішуге мәжбүр болдық»,-дейді ауыл тұрғыны көпбалалы ана Әнипа Сағымбетова. Айта кетерлігі, қызылқұмдықтардың бас ауруына айналған су мәселесінің түйінін өңірге белгілі кәсіпкер Нұралы Әбішов шешіп берген. Аптал азамат өз қаржысынан 40 миллион теңге шығарып, құбырды толықтай жаңалаған. Соның арқасында қазір, ауылға тіршілік нәрі 24 сағат үздіксіз ағып тұр.

Тауық жылы Шымкенттің маңындағы Қайнарбұлақ саяжайының тұрғындары үшін де қуанышпен басталды. Мұнда да таза ауыз су беріле бастап, алты жарым мыңнан астам отбасы тіршілік нәріне тәулік бойына  қол жеткізіп отыр. Құрылыспен «Строй жол сервис KZ» ЖШС айналысқан. Мердігер 366 шақырым құбыр тартқан.  Кестеге сәйкес,  жұмыс 2016 жылдың желтоқсан айында аяқталды. «Мердігер тарапынан су есептегіш құралдар сатып алынып, қызмет көрсетуші мекемемен бірлесе 4980 құрал орнатылды. Су есептегіш құралдарды орнатумен қатар, тұрғындарға жеке есеп шот ашылуда. Бүгінгі таңда, қалған абоненттерге су есептегіш құралдар орнату жұмыстары жалғасуда,-дейді Шымкент қаласы әкімдігінің тұрғын үй және коммуналдық шаруашылық бөлімі басшысының орынбасары Н. Бектұрсынов.

                                                                                                                                                                                Алмас Сұлтан