Жаңа жылда төрт күнге салат әзірлеудің қажеті жоқ - ҚР Бас санитар-дәрігері

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің төрағасы Жандарбек Бекшин жаңажылдық ас мәзіріне қатысты пайдалы ақыл-кеңестермен бөлісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі

«Біріншіден, жаңажылдық мерекеге жеміс-жидек пен көкөністерді көбірек алу қажет. Көкөністерге жеңіл ет өнімдерін, мәселен тауық етін қосуға болады. Ауыр ет тағамдарын мүмкіндігінше азырақ тұтынған жөн. Тәтті тағамдар мен торт, газдалған тәтті сусындардан да айналып өтуге тырысыңыз», - деп атап өтті Жандарбек Бекшин Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында. 

Оның айтуынша, қаңтар айында болатын тамақтан уланудың елу пайызы жаңажылдық мерекеден қалған тамақты жеуге қатысты.

«Жаңа жылда сырқаттанып, тамақтан уланып қалмау үшін төрт күнге жететін аста-төк тамақ әзірлемеу керек. Мәселен, майонезі бар салатты бір тәуліктен кейін жеуге болмайды, қоқысқа тастау керек. Себебі майонез - эпидемиологиялық қауіпті өнім, бактериялардың нағыз қоректік ортасы. Салатқа майонезден гөрі өсімдік майларын қосу анағұрлым тиімді. Дастарханға қойылған жеміс-жидек, алма, жүзімдер мен жаңғақтар үстеліңізді жайнатып қана қоймай, жаңа жылға мықты денсаулықпен қадам басуыңызға да мүмкіндік береді», - деп түйіндеді Жандарбек Бекшин.