Жаңа жылда Түркістан облысында 59 сәби дүниеге келді

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – Түркістан облысында желтоқсанның 31-інен қаңтардың 1-іне қараған түні 59 сәби дүние есігін ашты. Жаңа жылмен тұспа-тұс туғандардың 38-і ұл бала болса, 21-і қыз бала, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгінде барлық аналар мен нәрестелердің жағдайы дәрігерлер бақылауында. Ал, Түркістан қаласындағы №3 облыстық перинаталдық орталығында бес ұл дүниеге келген. Жалпы өңір елімізде туу мен табиғи өсім көрсеткіштері бойынша көш бастап тұр.

Сондай-ақ, арыстық дәрігерлер жүкті әйелді жедел жәрдем көлігінде босандырып алды. 31 желтоқсан күні Арыс қалалық жедел жәрдем бекетіне Монтайтас ауылдық округінінен жүкті әйелдің толғағы қысқаны туралы хабарланған.

Дәрігерлер оның жағдайын қарап, Арыс қаласындағы перзентханаға апаруға шешім қабылдаған. Алайда Ақтас елдімекенінің тұсында жедел жәрдем көлігінің ішіндегі әйелдің толғағы жиілеген. Арыс қаласының №35 бригада фельдшерлері З.Алматаев пен Н.Жақсылық, А.Әлімбаевтар оны аман-есен босандырып алған. Артынша жаңадан босанған ана мен оның нәрестесі қалалық перзентханаға жеткізілді. Дәрігердің айтуынгша, ана мен жаңа туған нәрестенің жағдайы қанағаттанарлық.