Жаңа жылдан бастап күшіне енетін Әкімшілік кодекске 90-нан астам түзету енгізіледі

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында палата депутаттары «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын екі оқылымда мақұлдады. Аталған құжат бірқатар Мәжіліс депутаттарының бастамашылығымен әзірленген.

Мәжіліс депутаты Арман Қожахметовтің айтуынша, заң жобасын әзірлеуге бірқатар себептер түрткі болып отыр. «Атап айтқанда, 2015 жылдың 1 қаңтарынан жаңа Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексі күшіне енетіні белгілі. Бұл кодекске Елбасы 2014 жылдың 5 шілдесінде қол қойған болатын. Ал ағымдағы жылдың сәуір айынан бүгінге дейін Парламент 2001 жылдан бері қолданыста болған Әкімшілік Кодекске бірқатар өзгерістер мен толықтырулар енгізген еді», - деді депутат Арман Кожахметов.

Оның сөзіне қарағанда, қазірдің өзінде Парламентте Әкімшілік кодекске түзету енгізетін заң жобалары қаралып жатыр. Соған орай, енгізілетін түзетулердің барлығын жаңа кодекске дер уағында енгізу мәселесі көзделіп отыр. Жалпы алғанда жаңа Кодекске 90-ға жуық түзету енгізу көзделеді.

Мәжіліс мақұлдаған заң жобасы Парламент Сенатына жолданады.