Жаңа жылды қарсы алу үшін Астанадан мыңдаған жолаушы шетелге аттанды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Жаңа жылды қарсы алу үшін Астанадан мыңдаған жолаушы шетелге аттанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Жаңа жыл мерекесі кезеңінде (2016 жылдың 30 желтоқсаны мен 2017 жылдың 3 қаңтары) Астана әуежайы 45 мың жолаушыға қызмет көрсетті. Жолаушылардың ең көп санына - 30 желтоқсан күні шамамен 13 мың адамға және 3 қаңтар күні шамамен 12 мың адамға қызмет көрсетілді.  30 желтоқсанда Астанадан 7500 жолаушы ұшып кетті, оның 70 пайызы ішкі бағыттар, 30 пайызы халықаралық бағыттар бойынша аттанды. 31 желтоқсанда  4600 жолаушының 3500-і ішкі бағыт, 1100-і халықаралық бағыт бойынша ұшты. Ал 1 қаңтарда елордадан 2345 адам жолға шықса, соның тек 530-ға халықаралық бағытта ұшып кетті», - деп хабарлады ҚазАқпарат тілшісіне елорда әуежайының баспасөз қызметінен.

Айта кетерлігі, өткен жылы 2015 жылдың 31 желтоқсанында өткен жылдың желтоқсанына қарағанда Астана әуежайынан 2 есе көп жолаушы, нақты айтқанда, шамамен 9500 адам ұшқан болатын. Оның ішінде жолаушылардың шамамен 65 пайызы елордадан басқа жаққа ұшып кетсе,  35 пайызы Астанаға жаңа жылды қарсы алу үшін келген еді.

Сондай-ақ өткен жылдың 29 желтоқсаннан биылғы жылдың 3 қаңтар аралығында жарты миллионнан астам жолаушы тасымалданды. Оның 92 мыңы Астанаға тиесілі.  Ал 30 мыңнан астам жолаушы жаңа 2017 жылды пойызда қарсы алды.