Жаңа жылды Қазақстанда қарсы алуға 23 мыңнан астам турист келді

АСТАНА. ҚазАқпарат – 23 мыңнан астам турист жаңа жылды Қазақстанда қарсы алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

EQonaq ақпараттық-талдау жүйесінің мәліметі бойынша елімізде жаңа жыл мерекесін атап өтуге 23 мыңнан астам турист келген.

Бұл - 2022 жылғы 26 желтоқсан мен 2023 жылдың 4 қаңтары аралығын қамтитын есеп.

Туристердің жартысына жуығы (9 мың) Алматыға және 5,1 мыңы Астанаға келді.

«Бір қызығы, жаңа жылды қарсы алуға келгендер таңдаған ТОП-5 өңірдің ішінде Ақтөбе, Павлодар және СҚО бар. Яғни, суық өңірлер», - дейді ұлттық компаниядан.

Сондай-ақ, хабарламада Қазақстанға саяхаттаушылардың дені Ресейден келгені (15 мың адам) айтылған.

Одан бөлек, Өзбекстан, Үндістан, ҚХР, Түркия, Германия және Ұлыбританиядан келген меймандар бар.

Есеке салсақ, 2021 жылдан бастап елімізде туристерге арналған eQonaq ақпараттық жүйесі іске қосылған еді.

Мақсат – ішкі және сыртқы туристердің ағынын есепке алып, ол бойынша талдау жасау, сонымен қатар саяхатшылар мен демалушылардың көшін-қон қарқынын бақылау.