Жаңа жылдық шыршалар дайындауда табиғи шыршаларды пайдалану 40 мың данадан 13 мың данаға дейін қысқарды -АШМ

АСТАНА.Желтоқсанның 11-і. ҚазАқпарат - ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Орман және аңшылық шаруашылығы комитетінің жаңа жылдық шыршалар дайындау мақсатында ағаш кесу кезінде алынатын қылқан жапырақтылардың бұтақтары мен ұшар бастарынан құрап жасалатын шыршаларды өткізу жөніндегі бастамашылығының нәтижесінде соңғы үш жылда республикада табиғи шыршаларды пайдалану 40 мың данадан 13 мың данаға дейін қысқарды,

деп хабарлйды Қазақпарат АШМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мемлекеттік орман иеленушілердің жаңа жылдық шыршалар дайындауы мен босатуы, бұрынғы жылдардағыдай, облыстар әкімдіктерінің өтінімдері негізінде Комитеттің рұқсатымен ұйымдар мен мекемелерде мәдени бұқаралық іс-шаралар өткізу үшін ғана жүргізіледі.

Үстіміздегі жылы халыққа сатуға қылқан жапырақтылардың бұтақтары мен ұшар бастарынан құрап жасалатын шыршалар ғана контейнерлермен келіп түседі, ал импортталатын жаңа жылдық шыршаларды сату кезінде сатушының шыршаларды сатып алу және өткізу құжаттары, сондай-ақ сауда орыны үшін төлем жасалғаны туралы құжаты болуы қажет.

Ағашты заңсыз кесумен, сүректі талан-таражыға салумен және орман заңнамасын бұзудың басқа да көріністерімен күрестің тиімділігін арттыру, сондай-ақ орман заңнамасын бұзушыларға қойылатын талап-арыздардың келтірілген нұқсанның мөлшерімен сәйкес баламалылығын қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы мамырдың  31-дегі № 441 қаулысымен орман заңнамасын бұзу келтірген нұқсанның мөлшерін есептеуге арналған базалық ставкалар бекітілген.

Көрсетілген қаулыға сәйкес жаңа жыл алдындағы кезеңде (қараша-желтоқсан) қылқан жапырақтылардың бір дана жас ағашын немесе өскінін жойғаны немесе бүлдіргені үшін 15 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшерінде залал өндіріп алынады, ол үстіміздегі жыл үшін 19440 теңгені құрайды.

Сонымен бірге мемлекеттік орман қорында заңсыз ағаш кескені және ағаштарды бүлдіргені үшін орман заңнамасын бұзушыларға Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодексінің 283-бабына сәйкес жеке тұлғаларға 10-15 АЕК, ал ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда 20-25 АЕК мөлшерінде айыппұл санкциялары қолданылады. Дәл осындай әрекеттер үшін лауазымды тұлғаларға, жеке кәсіпкерлерге, заңды тұлғаларға 30-40 АЕК, ал ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 100-150 АЕК, ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда 500-1500 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады.

Едәуір мөлшерде нұқсан келтіріп заңсыз ағаш кескен тәртіп бұзушылар қылмыстық жауапкершілікке тартылады.

Жаңа жыл алдындағы кезеңде қылқан жапырақты екпелерді күзетуді күшейту мақсатында мемлекеттік орман иеленушілер биыл 400-ден астам бекеттер ұйымдастырды және мемлекеттік инспекторлар мен орман күзеті қызметкерлерінен 600  топ құрды.