Жаңаарқа депосында тепловоздарды жалған дипломмен жұмысқа орналасқан жоғары білімі мен осы істе икемі жоқ адамдар жүргізіп келген - көлік прокуроры
Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісіне Жезқазған көлік прокуроры Нұрғали Асқанбаев хабарлады.
«Тексеру барысында анықталған фактілер алаңдатарлықтай. Жаңаарқа депосында бірнеше жылдар бойы жалған дипломмен жұмысқа орналасқан, жоғары білімсіз және осы салада икемі жоқ бес машинист жұмыс істеп келген», - деп атап өтті прокурор.
Прокуратура теміржолшыларды оқытатын, осы қызметкерлер диплом алған оқу орындарына сұраныс жіберген. «Бізге берілген ресми дерек бойынша, мұндай адамдар оқымаған, соған сәйкес оларға оқу бітіргендігі жөнінде құжат да берілмеген», - деді Н.Асқанбаев. Оның айтуынша, жұмысшылар дипломдарды белгісіз біреуден сатып алғандықтарын айтқан.
Тексеру қорытындылары бойынша экономикалық қылмыс және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаменті мен «Локомотив» АҚ басшылығына осы келеңсіз жағдай бойынша шешім қабылдап, жалған дипломмен жұмыс істеген адамдарды қызметтен босату туралы ұсыныс жіберілді, деп хабарлады Жезқазғанның көлік прокуроры.