ЖАҢАБАЙ ҚҰДАЙБЕРГЕНҰЛЫ

None
абай Құдайбергенұлы (1865-1916) - би, шешен. Жетісу облысы Жаркент уезінің Қырғызсай ауылында (қазіргі Алматы облысы Ұйғыр ауданы) дүниеге келген.

Жаркент медресесін бітірген. Араб, орыс, қытай, моңғол тілдерін жетік меңгерген. Анасы Балдай ел арасында белгілі шипагер болған. Уәлибай саудагермен қызмет ете жүріп, онымен бірге көп жерлерді аралаған.

Жаңабай Құдайбергенұлы Жаркент мешітін салуға үлес қосқан. 1893 жылы Тоғызбұлақта (қазіргі Ұйғыр ауданы) қазақ-орыс мектебін ашқан. Жамбыл, Тоқтағұлмен етене араласып, Тұтқа, Көгілдір, Шынар, Жәміха ақындармен сөз жарыстырып, шешендігімен көзге түскен. 1913 жылы Романов әулетінің таққа отырғанына 300 жыл толуына арналған Санкт-Петербордағы салтанатқа Жетісу өкілдерімен бірге барып, Николай ІІ-нің қабылдауында болған. 1916 жылы Жетісу өңіріндегі ұлт-азаттық қозғалысқа белсене қатысып, өз ағайындары - Қоңырбөрік руы жігіттерін қаруландырып, Қарқара көтерілісшілері қатарына қосқан. Жаңабай Құдайбергенұлы Қарқара көтерілісі басшыларының бірі болды. Көтеріліс басып-жаншылғаннан кейін Қарақол (Қырғызстан) абақтысына қамалып, сонда серіктерімен бірге атылған.

Алматы облысындағы Ұйғыр ауданының орталығы - Шонжыдағы қазақ орта мектебіне, бір көшеге Жаңабай Құдайбергенұлының есімі беріліп, ескерткіш орнатылған.

 

Дерек көзі:

Қазақстан ұлттық энциклопедиясы, 3 том