Жанабыловтарға қатысты алдын ала сот тыңдалымы басталды

Коллаж: Kazinform; Freepik, @zhanabylov_e

АСТАНА. KAZINFORM — Жанабыловтар ісі бойынша сот отырысы ашық режимде өтетін болды.

Астананың қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында блогерлер Ерболат Жанабылов пен Эльмира Төлегеноваға қатысты іс бойынша сот процесі басталды.

Алдын ала тыңдау барысында айыпталушылардың адвокаты сот процесін жабық режимде өткізу туралы өтініш білдірді. Олар іс материалдарында коммерциялық құпияға жататын мәліметтер бар екенін алға тартты.

Алайда судья бұл өтінішті қанағаттандырудан бас тартты. Соған сәйкес сот процесі ашық форматта жалғасады.

Сонымен қатар айыпталушылар өздерін фото және видеоға түсіруге қарсы екенін айтты.

Еске сала кетсек, 11 автокөлікті ұтысқа қойып, курс сатқан блогерлер Ерболат Жанабылов пен Эльмира Төлегеноваға қатысты қылмыстық іс қозғалды.

Сонымен қатар министр желіде автокөліктерді ұтысқа тіккен блогерлерге қатысты түсінік берген еді.