Жаңадан ашылған ірі кен орындарының 50 пайыздан көбі мемлекетке тиесілі болады - Мәжіліс
АСТАНА. KAZINFORM – Бұдан былай игерілетін ірі кен орындарының негізгі бөлігі мемлекеттің қолында болады. Мәжілістің жалпы отырысында палата төрағасы Ерлан Қошанов осындай мәлімет келтірді.
- Соңғы жылдары қабылданған барлық заңға Президенттің «әділеттілік идеясы» арқау болғанын атап өткен жөн. Жердің астындағы және үстіндегі қазына-байлық халықтың меншігі деген норманы Конституцияға шегелеп жаздық. Қазір бұл принцип «Ұлттық қор – балаларға» заңы арқылы жүзеге асырылып жатыр. Бұдан бөлек, жаңадан ашылған ірі кен орындарының 50 пайыздан көбі мемлекетке тиесілі болады, - деді ол.
Мәжіліс спикері Президенттің тікелей пәрменімен заңсыз алынған активтерді қайтару туралы заң қабылданғанын еске салды.
- Соның нәтижесінде екі триллион теңгеге жуық актив елге қайтарылды. Осының бәрі – Президент реформаларының жемісі. Тарихи әділеттілікті қалпына келтіруге бағытталған батыл қадамдар, - деді Ерлан Қошанов.
Бұған дейін Премьер-министр Олжас Бектенов Үкіметтің ресми сайтына «Ілгерілеуге бастаған алты жыл: Қазақстан орнықты даму жолында» мақаласын жариялаған еді.