Жаңадан Қарағанды-Омбы бағытындағы жолаушылар пойызы ұйымдастырылды - ҚТЖ

АСТАНА. 19 қыркүйек. ҚазАқпарат - Күзгі-қысқы маусымға көшуге байланысты «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-ы теміржол кестесіне енгізілген өзгерістер жайлы «Жолаушылар тасымалы» АҚ баспасөз қызметі хабарлайды.

Күзгі-қысқы маусымда жолаушылар тасқынының азаюына байланысты Астана-Адлер бағытындағы №483/484 жолаушылар пойызының қозғалысы уақытша тоқтатылды. Осы уақытқа дейін №39/40 Астана-Санкт-Петербор, №83/84 Қарағанды-Мәскеу, №339/340 Павлодар-Пресногорьковская бағытындағы жолаушылар пойыздары күнара жүрген болса, енді олар 4 күнде 1 мәрте қатынайтын болмақ.

Өзгерістер №15/16 Алматы-2-Петропавл және №625/626 Атырау-Астрахань бағытындағы жолаушылар пойыздарының қатынау мерзіміне де өз әсерін тигізді, енді олар күнара қатынайтын болды.

Қысқартулар күзгі-қысқы маусымдағы жалғыз өзгерістер қатарында емес. Жолаушылардың көптеген өтініштеріне орай, №345/346 Қарағанды-Омбы бағытындағы жолаушылар пойызы ұйымдастырылды. Ол үстіміздегі жылдың 16 қыркүйегінен бастап, аптасына үш рет қатынайды.