19:33, 23 Сәуір 2009
Жаңадан пайдалануға берілген Астана-Қостанай жаңа күрежолының сапасы сын көтермейді
АСТАНА. Сәуірдің 23-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Жақында ғана пайдалануға берілген Астана-Қостанай бағытындағы күрежолдың сапасы сын көтермейді. Бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында Көлік және коммуникация министріне жолдаған сауалында сенатор Светлана Жалмағамбетова осылай мәлім етті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Соңғы бірнеше жыл бойы республикалық маңызы бар Астана-Қостанай күрежолына күрделі жөндеу жүргізіліп келеді. Бұл жұмыс ұзаққа созылғанымен қоймай, сапасы мүлдем талапқа сай келмейтіндігі байқалды. Мәселен, өткен жылы ғана осы бағыттың 4 учаскесі пайдалануға беріліп еді. Өкінішке қарай, жол құрылысы аяқталысымен-ақ көпшіліктің қуанышы су сепкендей басылды. Бүгінгі күні аталған жаңа учаскелердің өзі бұзыла бастады. Кеше ғана жаңадан салынған жолдың бетіне кішкене сызат түссе бір жөн, апатқа әкеп соғатын шұңқырлар пайда болды, сапасыз жұмыстан кейін ескі ой-шұқырлар қайта көріне бастады», деді депутат.
Осыған орай, сайлаушылар тарапынан жасалған өтініштерді алдыға тарта отырып сенатор, жол жөндеушілерге қатысты қатаң шаралар қолдануды сұрады. «Мемлекеттік қаржы желге ұшып жатыр. Бұл үшін тиісті адамдар жауапқа тартылуы тиіс. Бұнымен қоса, алдағы уақытта жол құрылыстарының сапасы мен мерзіміне қатысты қатаң бақылау орнатылса игі», деді С. Жалмағамбетова.