Жаңадан тағайындалған ҚР Сыртқы істер вице-министрі БҰҰ және Америка елдерімен қарым-қатынасты реттейтін болады

АСТАНА. 14 желтоқсан. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов пен Президент көмекшісі Ержан Қазыханов басшылық құрамға сыртқы істер вице-министрі қызметіне тағайындалған Ержан Ашықбаевты таныстырды. Бұл туралы ведомствоның баспасөз қызметінен хабарланды.

ҚР Президентінің аталмыш тағайындауға қатысты тиісті өкімін оқып шыққан Е.Қазыханов, «Ержан Ашықбаев - орталық аппаратта және шетелде үлкен мектептен өткен тәжірибелі дипломат» екендігін атап өтті.

Өз кезегінде министр Е.Ыдырысов, жаңадан тағайындалған вице-министр БҰҰ және Америка елдерімен қарым-қатынас жұмыстарына жетекшілік ететіндігін айтты. Сонымен қатар ол Қазақстанның 2017-2018 жылдары БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесіне уақытша мүшелік ету ұсынысын алға жылжыту ісі үлкен басымдыққа ие болып отырғандығын ерекше атады.

«Маған үлкен сенім білдірген Мемлекет Басшысына шексіз алғысымды айтамын және ол мақсаттардың үдесінен шығу үшін барлық күш-жігерімді саламын», - деді вице-министр Е.Ашықбаев

Е.Ашықбаев СІМ жүйесінде 1998 жылдан бері қызмет атқарады. Ол Бельгиядағы Қазақстан Елшілігінде, министрліктің орталық аппаратында - министр кеңсесінің басшысы, Халықаралық ақпарат комитетінің төрағасы болып жұмыс істеді. Кейінгі жылдары ҚР Президентінің Әкімшілігінде Сыртқы саясат орталығының меңгерушісі болып жүрді.

Еске сала кетейік, 2013 жылдың 13 желтоқсанында ҚР Президентінің Өкімімен Ержан Нығматоллаұлы Ашықбаев ҚР Сыртқы істер вице-министрі болып тағайындалды.