Жаңақалада мыңға жуық адам жұмыс орнын табатын болады
12:31, 12 Мамыр 2009
ОРАЛ. Мамырдың 12-сі. ҚазАқпарат /Ғайсағали Ералы/ - Елбасы Жолдауына сәйкес БҚО-ның Жаңақала ауданында биыл мыңға жуық адам жұмыс орнын табатын болады.
Аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бастығы Қайырғали Жаймовтың ҚазАқпарат тілшісіне хабарлағанындай,
биыл аудан орталығындағы №8 кәсіптік мектеп, Бірліктегі «Жеткіншек», Мәстексайдағы «Алтын сақа» балабақшалары, Көпжасар ауылдық мәдениет үйі күрделі жөндеуден өтіп, Достық алаңы абаттандырылады. Бұған жалпы саны 472 адам тартылса, соның 80 пайызы жергілікті тұрғындар болмақ. Сондай-ақ биылғы жоспарда 125 адамды тұрақты жұмысқа орналастыру міндеті тұр. 470 адам ақылы қоғамдық жұмысқа тартылса, 79-ы шаруа қожалықтары мен кәсіпкерлерге әлеуметтік жұмыс орнына жіберіледі. Сол секілді жастар тәжірибесімен 100 түлек қамтылмақ. Биыл ауданның 136 түлегі оқуларын аяқтап, диплом алады. Солардың дені жастар тәжірибесіне түйіндемелерін тапсырды. Жаңақалалықтардың 75-і облыс орталығындағы оқу орындары және аудандағы №8 кәсіптік мектеп арқылы жаңа мамандықтың иесі атана алады. Жыл басынан бері 35 адам оқуға жолданса, аталмыш мектепте 20 аспаз даярлануда.
Аталмыш бөлім жұмыс берушілермен жұмысшыларды қысқартпау жөнінде 27 меморандумға қол қойса, тағы бесеуі дайындалу үстінде. Мұндай жұмыстар жыл бойы жалғаспақ.