Жаңақалада Наурыз мерекесі қарсаңында «Жан жылуы» атты қайырымдылық шарасы ұйымдастырылды - БҚО

None
ОРАЛ. 20 наурыз. ҚазАқпарат - Ұлыстың ұлы күні - әз Наурызда жан дүниесін жаңартып, өзгеге деген ашу-өкпесін ұмытып, ынтымақ пен татулыққа ықыластанатын қазақ халқы қайырымдылық шараларын жасауды да сауапты іс санаған.

Осыған орай Жаңақала ауданында «Жан жылуы» атты қайырымдылық шарасы өткізілді.

Қайырымдылық концертіне барлық ауылдық округтерден 26 мүгедек шақырылып, олардың қатысуын аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі қамтамасыз етті.

Шара аудан әкімі Лавр Хайретдиновтің қазақ ұлтына тән қайырымдылық - сауабы мол іс екендігі туралы сөзімен басталды.

Мұнан кейін сахнаға шыққан әр өнерпаз алдымен мәдени демалыс орталығы әзірлеген мерекелік сыйлықты мүгедектерге табыс етіп, сонан кейін өнерін көрсетті. Соңында арнайы қойылған жәшікке қайырымдылық көмек ретінде қаржылай үлестерін қосты.

Сондай-ақ шара барысында аудан әкімі бастаған залдағы барлық көрермендер де қайырымдылық көмектерін көрсетуден тыс қалған жоқ.

Бұл күні түскен 84 мың теңге қаржы аудандық мүгедектер есеп-шотына аударылды.

Сонымен бірге жыл бойы қамқорлық жасалуы үшін мүгедектер аудандық мекеме, кәсіпорындарға бекітіліп берілді.